Ақпан айында Ұлттық қордан бюджетке аударылған трансферт теңгенің нығаюына ықпал етті – Ұлттық банк

Жарияланды
Ақпан айында теңге 3,2 пайызға нығайды. Фото: shutterstock.com

Ақпан айында теңге шамамен 3,2%-ға нығайды. Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, мұндай динамика ірі салық төлемдерінің маусымдылығына байланысты күтілген. Өйткені ақпанның екінші жартысында «үлкен» салық аптасы өтті.

«Еркін өзгермелі бағамға көшкелі бері ақпанның соңғы екі аптасы теңге үшін оң болып келеді. Тек пандемия мен геосаясат шиеленіскен 2020 және 2022 жылдары жағдай басқаша қалыптасты», дейді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, екінші жағынан ақпан ішінде валюта нарығында позитив жеткілікті болды: ірі тоқсандық салық апталықтан бөлек, Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттердің ағынын байқалған.

«Валюта нарығына квазимемлекеттік компаниялардың сатылымы да қолдау көрсетті, ақпанда олардың көлемі 295 млн АҚШ долларын құрады. Бюджетке трансфертті қамтамасыз ету аясында Ұлттық қордан сату 590 млн АҚШ долларын құрады, бұл ретте бір сауда күні ішінде сату көлемі 30 млн АҚШ долларынан аспады. Зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау аясында БЖЗҚ 226 млн АҚШ долларын сатып алды», деді Молдабекова.

Ақпан айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,66 теңге болды. Өткен айда 2,6 млрд АҚШ доллары сатылған.

Сондай-ақ оқыңыз