Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін бе? Бізге қымбат ставка не үшін керек?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Инфляция деңгейі тура бір жыл бұрынғы көрсеткішке жетті.

Сәрсенбі күні Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жария етеді. Бұл ретте сарапшылар пікірі әдеттегідей екіге жарылады. Бірі ақша-несие саясаты комитеті ставканы қазіргі күйінде сақтайды және онысы дұрыс десе, енді бір топ мөлшерлемені төмендететін кез келді, жоғары ставка халықтың несиесін де қымбат етіп отыр деп уәж айтады.

Жалпы, Ұлттық банк былтырдан бері қатаң ақша-несие саясатын ұстанды және онысы нәтиже берген де сияқты. Себебі, былтыр жыл ортасында (2022 жылы маусымның қорытындысы бойынша) 14 пайыз болған инфляция деңгейі жылдың соңына қарай ерекше қарқынмен күш алып, 20 пайыздан асып тоқтады. Сөйтіп, елде бұрын-сонды бола қоймаған қымбатшылық орнап, нарықта дүрбелең туындаудың аз ақ алдында қалдық.

Бұл кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфляция дәлізін жедел төмендету туралы міндет жүктеген болатын. Ал базалық ставка – нарықтағы ақша массасын азайтуға қабілетті жалғыз құрал. Тиісінше Ұлттық банк сол құралдың тиімділігін мейлінше пайдалануға тырысып бақты. Осылайша, биыл маусымның қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 14,6 пайыз болды. Яғни тура бір жыл бұрынғы көрсеткішпен теңесті. Бұл әрине, елеулі жетістік. Сарапшылар қатаң монетарлық саясат жағдайында инфляция деңгейінің әлі де төмендей түсуі мүмкін екенін айтады.

Сарапшы Ғалымжан Айтқазиннің пікірінше, қазіргі инфляция динамикасы жылдық және айлық мәнде тәуір көрінгенімен, әлі екітаңбалы цифрдан алшақтай алмай тұрған жылдық тұтынушылық инфляция туралы ұмытуға әсте болмайды.

«Маусымдық инфляция да біршама көмек болады, бұл жазғы кезеңде азық-түлік бағасына жайлы әсерін тигізеді. Әйткенмен биыл жылдық инфляцияның төмендеуін былтырғы жоғарғы база қамтамасыз етіп отырғанын ұмытпаймыз. Екіншіден, қазақстандықтардың инфляциялық күтулері (Ұлттық банк сауалнамасы бойынша – автор.) әлі жоғары күйде қалып отыр. Мамырда сұрауға қатысқандардың 25 пайызы бір жыл бедерінде жедел баға өсімі орын алады деп пікір білдірген. Өз кезегінде күтілетін инфляцияның медианды бағалануы 17,0 пайызға, қабылданған инфляция 21,1 пайызға дейін көтерілген. Тіпті Kursiv басылымының сауалнамасында да қатысушылардың 21,4 пайызы алдағы 12 айда жылдам баға өсімі болады деп күтетінін жасырмаған. Баға келесі айда өседі деушілердің үлесі 69,1 пайызға (Ұлттық банк сауалнамасында – 68,1 пайыз) жеткен», дейді ол.

Сарапшының пайымынша, үшіншіден сыртқы макроэкономикалық ахуал әлі де әрі-сәрі күйде тұр. Жыл басынан бері мұнай бағасының төмендеуі валюта нарығы мен бюджет кірістері үшін біршама қысым мен тәуекел туындатты. Дамыған нарықтардың (АҚШ және Еуроаймақ) көбі инфляциямен күресу үшін ақша-несие саясатын қатаңдатуды жалғастырып жатыр. Бұл дамушы нарықтар активінің тартымдылығын төмендетеді, ал ол фактор сыртқы инвесторлар тарапынан біздің валютаға деген сұранысты азайтады және валюта нарығына қысым жасайды.

«Ақырында, біз ішкі проинфляциялық факторлар туралы қайталаудан жалықпаймыз, олар тұтынушылық бағаларға айтарлықтай әсер ете бастайды. Жеке «аналитиктер» әзір бағадағы айтарлықтай көріністі байқамай тұр, соған қарағанда кейінге қалдырылған әсер ету түсінігін ескермейтін сияқты. Біздің бағалауымызша, жанар-жағармай және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нарықтарындағы бағаны ырықтандырудың ең үлкен әсері маусымдық факторлар әлсірей бастайтын жаздың аяғында және күзде байқалады. Жалпы, инфляция мен базалық ставка төңірегіндегі ахуал екіұшты күйде қалуда. Бір жағынан, тұтынушылық инфляция төртінші ай қатарынан баяулап жатыр, бірақ оның баяулауына өткен жылдың жоғарғы базасы қолдау білдіріп тұр. Алайда инфляция әлі де жоғары және екітаңбалы. Сондықтан осы тәуекелдерді ескере отырып қатаң ақша-несие саясатын жалғастырған жөн болады», дейді сарапшы.

FINANCEkaz сарапшылары болса базалық пайыздық мөлшерлемені төмендететін сәт келді, тіпті бұл тұрғыда Ұлттық банк «ұйықтап қалды» деп есептейді.

«Қадағалаушыны әркез қорғаған және оның қатаң ақша-несие саясатын қолдап келген Risktakerskz каналындағы анонимді тәуекелшілердің өзі ставканы 50 базистік тармаққа төмендету керек деп санайды», деп жазады канал авторы.

Risktakerskz каналындағы жазбада мынадай уәж айтылады:

«Бір ай бұрын біз ақша-несие саясаты бойынша келесі комитетте базалық ставка 0,25 пайыздық тармаққа төмендейтін шығар деп жаздық. Біздің есептеуіміз бойынша, ставканы 0,5 пайыздық тармаққа түсіруге және экономикаға кеңірек қарауға болады. Бұл жағдай ставка сұранысқа немесе несие каналына әсер етпейді дегенді білдірмейді. Біз осылай ойлаймыз, өйткені инфляция бойынша ұзақ мерзімді мақсатымызға нұқсан келтірмей, экономикаға оң әсер ету мүмкіндігі бар».

Біздіңше, базалық ставканың қазіргідей жоғары тұра тұрғаны тиімдірек. Себебі, инфляция әлі де бәсеңсіген жоқ және 14,6 пайызды әсте төмен инфляция деуге келмейді. Кемі 4-6 пайыз межесіне дейін құлдырамай базалық ставканы төмендеткеннен аулақ болған жөн секілді. Базалық пайыздық мөлшерлемені қажет болған жағдайда төмендете салу – оп-оңай. Ал қымбатшылықты бір ақ сәтте құлдырата салу оп-оңай деуге ауыз бармайды, әлбетте.

Сондай-ақ оқыңыз