Корпоративті басқару: басшылар жұмыс күшіне адал және әділ қарай ма?
Соңғы жылдары нарықта корпоративті басқару мәселесі жиі сөз бола бастады және бұл сән-салтанат үшін айтыла салған тіркес емес, шынайы қажеттіліктен туындаған салиқалы түйткіл еді. Компаниялардың тиімді корпоративті басқаруға көшуі – қазір әжептәуір күрделі тақырып. Бұған қатысты қаржыгерлердің байламы әртүрлі.
Алдымен корпоративті басқарудың талқы етер өзекті тұстары қандай дегенге тоқталып өтелік. Олар мыналар:
- Осы бағыттағы жаңа тәсілдер мен өзекті үрдістер;
- Қаржы секторын қайта жаңғарту;
- Туындауы мүмкін қатерлер мен тың шешімдер;
- Климаттың өзгерісі.
Корпоративті басқару бойынша Ұлттық кеңес төрағасы Екатерина Никитинскаяның сөзінше, кәсіби корпоративті басқару – акционерлер мен қоғамның мүддесі үшін компаниялардың стратегиялық өсуі үшін қолайлы орта.
«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалымның айтуынша, корпоративті басқару холдингте ғана емес, еншілес компанияларда да сәтті қолданылып жатыр.
«Корпоративті басқару әлеуметтік, корпоративтік және экологиялық проблемаларды да шешуге көмектесіп жатыр. Барлық топ бойынша біртіндеп ESG стандарттары енгізіліп жатыр. Былтыр «Отбасы банк» бірінші болып «Жасыл» ипотеканы енгізді. Ал «Қазақстан Даму Банкі» 10 млрд теңге көлемінде «жасыл» облигацияларды орналастырды. Олар болашақтағы экожобалар үшін пайдаланылатын болады»,– дейді холдинг өкілі.
«Teniz Capital Investment Banking» директорлар кеңесінің төрағасы, қаржыгер Ғалым Құсайынов мұндай оймен аса келіспейтінін байқатты. Оның айтуынша, бізде корпоративті басқару әлі қалыптаса қоймаған. Біріншіден, басшылар жұмыс күшіне көп жағдайда адал және әділ қарамайды. Екіншіден, бәрі қит етсе ESG стандарттарын енгізе жөнелуге құмар, көп ретте оны кеңінен таразылап жатпайды.
«Елімізде ESG туралы өте көп айтылады, бірақ біз әлемдік лидерлермен бәсекелескіміз келетін жасыл экономика жағдайында (көміртегі бейтараптығы, су проблемасы, жаңғырмалы энергия көзіне көшу) ғана сөз қозғала береді. Бұл – өте дұрыс бастамалар, бірақ ESG түсінігінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбы – басқару қағидаттары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дамығаннан кейінгі барып қозғалатын тақырып. Екіншіден, дамыған елдерде корпоративті басқаруды құрып, әлеуметтік жауапкершілікті дамытқаннан кейін ғана экология тақырыбы көбірек сөз бола бастады. Батыс елдерінде ESG туралы айтқанда, олардың анықтамасы бойынша корпоративтік басқару және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері шешілген болып саналады. Бізде соңғы екі мәселе бойынша бәрі керемет емес және корпоративтік басқарусыз әлеуметтік жауапкершілікті құру мүмкін емес екенін түсінуіміз керек. Адам еңбегін қорғау мәселелерін шешпей, экологиялық мәселелерді шешуге көшудің мағынасы жоқ»,– дейді қаржыгер.
Құсайыновтың сөзінше, Теміртаудағы, «Қазақмыстағы» трагедиялар, өнеркәсіптік өңірлердегі онкологиялық дертке шалдығудың жоғары көрсеткіштері, өндірістегі мертігу бойынша статистика белең алып тұрғанда бизнестің жоғары деңгейлі әлеуметтік жауапкершілігі туралы сөз қозғау қиын.
«Біз әзірге жабайы капитализм кезеңінде тұрмыз. Өйткені бізде жұмысшы құқығы үлкен мәнге ие емес, содан үнемдеп көбірек пайда тапқысы келеді. Уран кен орнында жұмыс істеп жүрген кезімде Канада еліндегі ірі кен орнына жолым түсті. Онда адам кенді қолымен ұстамайды, бәрін робот істейді және жұмыс үдерісі автоматтанған. Сосын барлық жерде бетперде және өте күшті желдеткіш пен аспирация бар. Біздің шахталарда желдеткіш пен аспирация ресми атрибут ретінде ғана жасалар еді. Қазақстандағы корпоративтік басқару қажеттіліктен гөрі формальдылыққа ұқсайды, ал тәуелсіз директорлар институты қалыптасу кезеңінде. Бүгінгі таңда банк секторы ғана азды-көпті жақсы құрылған корпоративтік ортамен мақтана алады және бұл елге ондаған миллиард доллар шығын әкелді. Сондықтан біздің әуелі ірі бизнесте және квазимемлекеттік секторда корпоративті басқаруды дамытумен айналысқанымыз маңызды. Содан кейін ғана еңбек жағдайы және әлеуметтік жауапкершілікпен айналысайық. Міне, осыдан соң ғана жасыл экономикаға көшуге болады», – дейді Ғалым Құсайынов.
Үкімет басшысының орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан тек мемлекеттік кәсіпорындарда емес, жеке секторда да есептілік ашық жүргізілетін корпоративті саясат енгізуді дұрыс деп санап отырғанын жеткізді.
«Біз мемлекеттік компаниялардағы корпоративті басқару бойынша ЭЫДҰ-ның басқарушылық ұстанымдарына қосылуды қалаймыз. ЭЫДҰ стандарттарын корпоративтік басқаруға енгізу жаһандық капитал нарықтарын отандық компанияларға қолжетімді етеді. Биыл ЭЫДҰ кеңесі салалық министрлер деңгейінде корпоративтік басқарудың жаңартылған қағидаттарын қабылдап, кейіннен ол «Жиырмалық топ» көшбасшыларымен бекітілді. Тиімді стратегиялық және транспарентті менеджмент – ұзақмерзімді кезеңде компаниялардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі элемент. Сол себепті Үкімет корпоративтік басқару үдерісіне озық тәжірибелерді енгізуге ерекше мән береді»,– деді.
Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов елімізде квазимемлекеттік сектордың қызметін және олардың мемлекетпен өзара әрекеттестігін реттеудің кешенді құқықтық базасы құрылғанын айтты.
«Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп бәсекелестікті дамытуға және мемлекеттік үлесті қысқартуға, экономикалық әрі экономикалық емес ұйымдардың аражігін ажыратуға, корпоративтік басқаруды жетілдіруге, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл тәсілдер ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелерімен және стандарттарымен байланыстырылды. Сонымен қатар тиімді әрі ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді»,– деді вице-министр.
Еліміздегі кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша уәкіл Рустам Жүрсінов Президенттің халыққа жолдауында корпоративті басқару мен менеджмент сапасын әлемдік деңгейге дейін көтеру тапсырылғанын еске салып өтті.
«Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексіне (2017 жылы) сәйкес Қазақстан «корпоративті әдеп» индикаторы бойынша 59-орын және «менеджерлердің кәсібилігі» индикаторы бойынша 104-орын алған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сегіз позиция төмендеген. Үкімет бастамасымен корпоративті басқару бойынша Ұлттық кеңес құрылып, оның жұмысына жүзден аса сарапшы тартылған еді. Халықаралық мамандардың қатысуымен корпоративтік басқару кодекстері, оларды мемлекет қатысатын компанияларда және жеке компанияларда қолдану жөніндегі нұсқаулықтар дайындалды. Әзірленген стандарттар ұлттық палата төралқасының мақұлдауына ие болды және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісілді. Одан бұрын корпоративтік директорлар, мемлекеттік және жеке компаниялардың корпоративтік хатшылары мен сарапшылар арасында кең талқылаулар ұйымдастырылды. Біздің ұлттық кодекс әлемдік тәжірибеге және ЭЫДҰ ұстанымдарына толық сай келеді. Оны құру кезінде біз ішінара ЕО ұсыныстарына, IFC стандарттарына және Ұлыбританияның корпоративтік басқару кодексіне сүйендік»,– деді уәкіл.
Сарапшының сөзінше, елде атқарылып жатқан біршама бастамаға қарамастан, корпоративті басқару жүйесі ұлттық холдингтер шеңберінде бөлшектене дамып жатыр.
«Бұл инвестиция тарту құралы ретінде озық халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған мемлекеттік және жеке акционерлік қоғамдар үшін базалық мемлекеттік ынталандырулардың болмауына байланысты. Оның орнына мемлекеттік назар қазір корпоративтік басқарудың үлгілік кодексін бекіту сияқты мемлекеттік органдарға тән емес функцияларды орындау арқылы негізінен мемлекеттік акционерлік қоғамдарға аударылып отыр. Корпоративтік басқарудың ұлттық стандарттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастық тетіктері жоқ»,– деді Рустам Жүрсінов.
Бұл ретте ол осы түйткілдерді шеше алатын бірқатар шешімдерді де ұсынды. Нақтылағанда:
- «Сақта және түсіндір» ұстанымына негізделген корпоративті басқарудың ұлттық стандарттарын енгізу үшін заңнамалық жұмыстармен айналысу;
- Акционерлік қоғамдарды депозитарийдің веб-сайтында заңды жауапкершіліксіз, бірақ акционерлер мен инвесторлар алдындағы беделіне әсер ететін қаржылық есептілік туралы жыл сайын хабардар ету талабын заңмен бекіту;
- Мемлекет қатысатын компаниялардағы директорлар кеңесіне мемқызметкерлердің қатысуын болдырмау мақсатымен тәуелсіз директорлар мен корпоративті хатшылар институтын дамыту бойынша іс-шаралар қабылдау;
- Өкілетті орган және кәсіби қауымдастық ынтымақтастығы негізінде тәуелсіз директорлар мен корпоративтік хатшылардың бірыңғай реестрін құру.