Корпоративті басқару: басшылар жұмыс күшіне адал және әділ қарай ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Корпоративті басқару / shutterstock

Соңғы жылдары нарықта корпоративті басқару мәселесі жиі сөз бола бастады және бұл сән-салтанат үшін айтыла салған тіркес емес, шынайы қажеттіліктен туындаған салиқалы түйткіл еді. Компаниялардың тиімді корпоративті басқаруға көшуі – қазір әжептәуір күрделі тақырып. Бұған қатысты қаржыгерлердің байламы әртүрлі.

Алдымен корпоративті басқарудың талқы етер өзекті тұстары қандай дегенге тоқталып өтелік. Олар мыналар:

  • Осы бағыттағы жаңа тәсілдер мен өзекті үрдістер;
  • Қаржы секторын қайта жаңғарту;
  • Туындауы мүмкін қатерлер мен тың шешімдер;
  • Климаттың өзгерісі.

Корпоративті басқару бойынша Ұлттық кеңес төрағасы Екатерина Никитинскаяның сөзінше, кәсіби корпоративті басқару – акционерлер мен қоғамның мүддесі үшін компаниялардың стратегиялық өсуі үшін қолайлы орта.

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалымның айтуынша, корпоративті басқару холдингте ғана емес, еншілес компанияларда да сәтті қолданылып жатыр.

«Корпоративті басқару әлеуметтік, корпоративтік және экологиялық проблемаларды да шешуге көмектесіп жатыр. Барлық топ бойынша біртіндеп ESG стандарттары енгізіліп жатыр. Былтыр «Отбасы банк» бірінші болып «Жасыл» ипотеканы енгізді. Ал «Қазақстан Даму Банкі» 10 млрд теңге көлемінде «жасыл» облигацияларды орналастырды. Олар болашақтағы экожобалар үшін пайдаланылатын болады»,– дейді холдинг өкілі.

«Teniz Capital Investment Banking» директорлар кеңесінің төрағасы, қаржыгер Ғалым Құсайынов мұндай оймен аса келіспейтінін байқатты. Оның айтуынша, бізде корпоративті басқару әлі қалыптаса қоймаған. Біріншіден, басшылар жұмыс күшіне көп жағдайда адал және әділ қарамайды. Екіншіден, бәрі қит етсе ESG стандарттарын енгізе жөнелуге құмар, көп ретте оны кеңінен таразылап жатпайды.

«Елімізде ESG туралы өте көп айтылады, бірақ біз әлем­­дік лидерлермен бәсекелескіміз ке­ле­­тін жасыл экономика жағдайында (кө­­мір­­тегі бейтараптығы, су проблемасы, жаң­ғырмалы энергия көзіне көшу) ғана сөз қозғала береді. Бұл – өте дұрыс бастамалар, бірақ ESG түсінігінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбы – басқару қағидаттары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дамығаннан кейінгі барып қозғалатын тақырып. Екіншіден, дамыған елдерде корпоративті басқаруды құрып, әлеу­меттік жауапкершілікті дамыт­қан­нан кейін ғана экология тақырыбы көбірек сөз бола бастады. Батыс елдерінде ESG туралы айтқанда, олардың анық­та­масы бойынша корпоративтік басқару және әлеуметтік жауапкершілік мәсе­ле­лері шешілген болып саналады. Бізде соңғы екі мәселе бойынша бәрі керемет емес және корпоративтік басқарусыз әлеуметтік жауапкершілікті құру мүмкін емес екенін түсінуіміз керек. Адам еңбегін қорғау мәселелерін шешпей, эко­ло­­гиялық мәселелерді шешуге көшу­дің мағынасы жоқ»,– дейді қаржыгер.

Құсайыновтың сөзінше, Теміртаудағы, «Қа­зақ­мыстағы» трагедиялар, өнеркәсіптік өңір­лердегі онкологиялық дертке шал­дығудың жоғары көрсеткіштері, өндірістегі мертігу бойынша статистика белең алып тұрғанда биз­нес­тің жоғары деңгейлі әлеуметтік жауап­кер­ші­лігі туралы сөз қозғау қиын.

«Біз әзірге жабайы капитализм кезеңінде тұрмыз. Өйткені бізде жұмысшы құқығы үлкен мәнге ие емес, содан үнемдеп көбірек пайда тапқысы келеді. Уран кен орнында жұмыс істеп жүрген кезімде Канада еліндегі ірі кен орнына жолым түсті. Онда адам кенді қолымен ұстамайды, бәрін робот істейді және жұмыс үдерісі автоматтанған. Сосын барлық жерде бетперде және өте күшті желдеткіш пен аспирация бар. Біздің шахталарда желдеткіш пен аспирация ресми атрибут ретінде ғана жасалар еді. Қазақстандағы кор­поративтік басқару қажеттіліктен гөрі формальдылыққа ұқсайды, ал тәуел­сіз директорлар институты қалып­тасу кезеңінде. Бүгінгі таңда банк секторы ғана азды-көпті жақсы құрылған кор­поративтік ортамен мақтана алады және бұл елге ондаған миллиард доллар шы­ғын әкелді. Сондықтан біздің әуелі ірі бизнесте және квазимемлекеттік сек­торда корпоративті басқаруды дамытумен айналысқанымыз маңызды. Содан кейін ғана еңбек жағдайы және әлеу­меттік жауапкершілікпен айналы­са­йық. Міне, осыдан соң ғана жасыл эконо­ми­каға көшуге болады», – дейді Ғалым Құсайынов.

Үкімет басшысының орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан тек мемлекеттік кәсіп­орын­дар­да емес, жеке секторда да есептілік ашық жүргізілетін корпо­ра­тив­ті саясат енгізуді дұрыс деп санап отырғанын жеткізді.

«Біз мемлекеттік компаниялардағы корпоративті басқару бойынша ЭЫДҰ-ның басқарушылық ұстанымдарына қосылуды қалаймыз. ЭЫДҰ стандарттарын корпоративтік бас­­қаруға енгізу жаһандық капитал на­­рық­тарын отандық компанияларға қол­жетімді етеді. Биыл ЭЫДҰ кеңесі салалық министрлер деңгейінде корпо­ра­тивтік басқарудың жаңартылған қа­ғи­­даттарын қабылдап, кейіннен ол «Жиыр­­малық топ» көшбасшыларымен бекі­тілді. Тиімді стратегиялық және тран­с­­парентті менеджмент – ұзақмер­зімді кезеңде компаниялардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі элемент. Сол себепті Үкімет корпоративтік басқару үдерісіне озық тәжірибелерді ен­гізуге ерекше мән береді»,– деді.

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов елімізде квазимем­ле­кеттік сектордың қызметін және олар­дың мемлекетпен өзара әрекет­тес­ті­гін реттеудің кешенді құқықтық базасы құрылғанын айтты.

«Үкімет Дүниежүзілік банкпен бір­ле­­сіп бәсекелестікті дамытуға және мем­­­­­­ле­кеттік үлесті қысқартуға, эконо­­­­­­ми­­калық әрі экономикалық емес ұйым­­­­дардың аражігін ажыратуға, кор­пора­тивтік басқаруды жетілдіруге, сон­дай-ақ квазимемлекеттік сектордың ашық­­­­­­тығын қамтамасыз етуге ба­ғыт­­­­­­­тал­ған жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл тә­сілдер ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелерімен және стандарттарымен байланыстырылды. Сонымен қатар тиімді әрі ашық квазимемлекеттік сек­тор­ды қалыптастыру үшін қажетті жағ­дай жасауға мүмкіндік береді»,– деді вице-министр.

Еліміздегі кәсіпкерлер құқығын қор­ғау бойынша уәкіл Рустам Жүрсінов­ Президенттің халыққа жолдауында корпоративті бас­қару мен менеджмент сапасын әлем­дік деңгейге дейін көтеру тапсырылғанын еске салып өтті.

«Дүниежүзілік эконо­ми­ка­лық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексіне (2017 жылы) сәйкес Қазақстан «корпоративті әдеп» индикаторы бойынша 59-орын және «менеджерлердің кәсібилігі» индикаторы бойынша 104-орын алған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сегіз позиция төмендеген. Үкі­мет бастамасымен корпоративті бас­қа­ру бойынша Ұлттық кеңес құрылып, оның жұмысына жүзден аса сарапшы тартылған еді. Халықаралық мамандардың қатысуымен корпоративтік басқару ко­декс­тері, оларды мемлекет қатысатын ком­панияларда және жеке компанияларда қолдану жөніндегі нұсқаулықтар да­йындалды. Әзірленген стандарттар ұлт­тық палата төралқасының мақұлдауына ие болды және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісілді. Одан бұрын корпоративтік директорлар, мем­лекеттік және жеке компаниялардың кор­поративтік хатшылары мен сарап­шылар арасында кең талқылаулар ұйым­дастырылды. Біздің ұлттық кодекс әлемдік тәжірибеге және ЭЫДҰ ұс­та­­нымдарына толық сай келеді. Оны құру кезінде біз ішінара ЕО ұсыныс­та­рына, IFC стандарттарына және Ұлы­бри­танияның корпоративтік басқару кодексіне сүйендік»,– деді уәкіл.

Сарапшының сөзінше, елде атқа­ры­лып жатқан біршама бастамаға қара­мастан, корпоративті басқару жүйе­сі ұлт­тық холдингтер шеңберінде бөлшек­те­не дамып жатыр.

«Бұл инвестиция тарту құралы ретін­де озық халықаралық тәжірибені енгізу­ге бағытталған мемлекеттік және жеке ак­ционерлік қоғамдар үшін базалық мем­лекеттік ынталандырулардың болмауына байланысты. Оның орнына мемлекеттік назар қазір корпоративтік бас­қарудың үлгілік кодексін бекіту сияқ­ты мемлекеттік органдарға тән емес функ­цияларды орындау арқылы негізінен мем­лекеттік акционерлік қоғамдарға аударылып отыр. Корпоративтік бас­қару­дың ұлттық стандарттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастық тетіктері жоқ»,– деді Рустам Жүрсінов.

Бұл ретте ол осы түйткілдерді шеше алатын бірқатар шешімдерді де ұсынды. Нақтылағанда:

  • «Сақта және түсіндір» ұста­ны­мына негізделген корпоративті бас­қа­рудың ұлттық стандарттарын енгізу үшін заңнамалық жұмыстармен айналысу;
  • Акционерлік қоғамдарды депозитарийдің веб-сайтында заңды жауапкершіліксіз, бірақ акционерлер мен инвесторлар алдындағы беделіне әсер ететін қаржылық есептілік туралы жыл сайын хабардар ету талабын заңмен бекіту;
  • Мемлекет қатысатын компаниялардағы директорлар кеңесіне мемқызметкерлердің қатысуын болдырмау мақсатымен тәуелсіз директорлар мен корпоративті хатшылар институтын дамыту бойынша іс-шаралар қабылдау;
  • Өкілетті орган және кәсіби қауымдастық ынтымақтастығы негі­зінде тәуелсіз директорлар мен кор­по­ративтік хатшылардың бірыңғай реестрін құру. 
Сондай-ақ оқыңыз