Алматыда Alternativa Film Awards сыйлығының үздік фильмдері тегін көрсетіледі

Жарияланды 4 Шілде 2024 12:54

(жаңартылды 4 Шілде 2024 14:32)
post.authors.0.name

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media

Alternativa Film Awards үздік фильмдері тегін көрсетіледі / Фото: Alternativa Film Project, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматыдағы ARTиШОК театрының үлкен сахнасында 2023 жылы өткен Alternativa Film Awards сыйлығының номинанттары мен жеңімпаз фильмдерінің ашық әрі тегін көрсетілімі болады.

Alternativa Film Screenings жобасы аясында көрермендер өткен жылы Азия аймағының үздік деп танылған фильмдерін тамашалайды. Олардың ішінде «Алып қашу» (Қырғызстан, Spotlight номинациясының жеңімпазы), «Бауырына cалу» (Қазақстан, Future Voice номинациясының жеңімпазы), «Жексенбі» (Өзбекстан), «Баласыз ауыл» (Иран), «12 апта» (Филиппин) фильмдерімен қатар Орталық Азиядағы қысқа метражды фильмдер де бар.

«Өткен жылы марапаттау барысында Орталық Азия жұртшылығының фильмдерге деген зор қызығушылығын байқадық. Енді фильмдерді көрермендерге таныстыратын кез келді. Көрсетілімдер Алматы мен Бішкекте əртүрлі елдердің жаңа есімдерін ашып қана қоймай, оларды фильм, ондағы басты тақырып төңірегінде пікірталас өткізуге тартады деп үміттенеміз. Біздің миссиямыз – кино арқылы əлемді өзгерту жəне Alternativa Film Screenings белсенді қоғамдық пікірталастың бастамасы болып, адамдарды əртүрлі əлеуметтік мəселелерге жаңа көзқараспен қарауға шабыттандырады деп сенеміз», – деді Alternativa Film Project басшысы Лиза Сурганова.

Бұдан бөлек, Alternativa Film Screenings аясында Бішкекте өткен Alternativa Teen Lab жасөспірімдерге арналған кинозертханасының қатысушыларымен түсірілген жұмыстар жəне Alternativa Film Project жобасын бастаған inDrive компаниясы жайлы Inner Drive деректі фильмі көрсетіледі.

Импакт-көрсетілім форматында ұйымдастырылған Alternativa Film Screenings-те әрбір фильмде көтерілген тақырыпқа байланысты сарапшылармен пікірталастар болады. Көрермендер сарапшылармен тең дəрежеде ойларымен жəне тəжірибелерімен бөлісе алады.

«Alternative Film Awards номинанттары мен жеңімпаздарының фильмдерін көрсету алаңы болу – біз үшін үлкен мəртебе. Ұсынылған фильмдердегі тақырыптар біздің спектакльдеріміздің фокусымен, азаматтық ұстанымымызбен сəйкес келеді. Alternativa Screenings аясында ARTиШОК театрының режиссерлері өздерінің деректі спектакльдерін ұсынады», – деді ARTиШОК театрының басқарушы директоры Анастасия Тарасова.

Alternativa Film Screenings көрсетілімдеріне тегін кіру үшін жоба сайтында алдын ала тіркеуден өту қажет. Көрсетілімдердің толық кестесін, фильмдер мен пікірталастардың сипаттамасын жоба сайтынан таба аласыз. Alternativa Film Screenings – 2023 жылы inDrive жаһандық технологиялық компаниясы бастаған Alternativa Film Project халықаралық коммерциялық емес жобасының бір бөлігі.

Сондай-ақ оқыңыз