ҚТЖ қаржылық қиындықтарға тап болған жоқ – «Самұрық-Қазына»

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
ҚТЖ алдағы жылдары тағы 4 трлн теңгеге дейін қаржы тартпақ / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Қазақстан темір жолының» 2,9 трлн теңге қарызына қарамастан, ұлттық компанияның қаржылық жағдайы мүшкіл емес. «Самұрық-Қазына» қорының Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов елордада өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, компанияның қаржылық бағдарламасына сәйкес алдағы 5 жылда инфрақұрылымдық жобаларға 4 трлн теңгеге дейін қаржы тарту жоспарланған.

«Жоғарғы есеп палатасы 2,9 трлн теңге деп атап өткен «Қазақстан темір жолының» негізгі қарызы локомотивтер мен жолаушылар вагондары паркін жаңартуға жұмсалды. Жалпы ҚТЖ-ның қаржылық тұрақтылығы компанияның қандай да бір қиын жағдайда екенін көрсетпейді», – деді Қордың Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры.

Оның айтуынша, ҚТЖ өз қарыздарына қызмет көрсетеді және төлемдерді тұрақты төлейді. Соңғы үш жылда қаржылық жағдайға қатысты «оң үрдіс» байқалады.

«Көлемді қаржылық бағдарлама әзірленді. Соған сәйкес алдағы 5 жылда инфрақұрылымдық жобаларға шамамен 3-4 трлн теңге тарту көзделген», – деді Айдар Рысқұлов.

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» компаниясын сынға алды. Кейін Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов компания қарызының көбею себебін түсіндірді. Оның айтуынша, ҚТЖ алған қарыздарын елдегі инфраструктураны жақсартуға жұмсайды және жаңа вагондарды тек отандық өндірістен алады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі компанияның өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріне қатысты түсініктеме берді.

Ал Halyk Finance Қазақстанның теміржол саласына шұғыл реформа жүргізу керек, деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз