Қарағандыда заңсыз онлайн-казиноның 415 млн теңгесін дропперлер арқылы шығарып алған

Жарияланды 28 Қыркүйек 2026 10:30

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Қарағандыда «Vavada» интернет-казиносының ақшасын заңсыз айналымға түсірген топ ұсталды. Дроп-шоттар жүйесі арқылы 415 млн теңгеден астам қаржы өткізген ұйымдастырушылардың ісі сотқа жолданды. Бұл туралы Kursiv.Media Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Тергеу дерегіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда ұйымдастырушылар интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында қаржы ақша қабылдау және шығару жөнінде келісімге келген.

Күдіктілердің біреуі бұл процесті үйлестіріп, казиномен байланыс орнатса, екіншісі банктік шоттарын ұсынған тұлғаларды (дропперлерді) тауып, операторларды жұмысқа тартқан.

Операторлар Қарағанды қаласында жалға алынған кеңседе тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген.

Жалпы алғанда, бұл схемаға 23 банк шоты тартылып, олар арқылы 415 млн теңге аударылған.

Қазіргі уақытта екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, атап айтқанда, жеке тұрғын үйіне, екі жер теліміне және Mercedes-Benz автокөлігіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды

Бұған дейін Грузиядан басқарылған онлайн-казино жабылған. Ол кезде заңсыз ақша айналымы 7,5 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз