Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгеге жетті

Жарияланды 27 Қараша 2026 15:30

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Алматы өнеркәсібі
Өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші өсті/ gov.kz

Қазақстанда өнеркәсіп өнімінің көлемі он айда 58,5 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 3,5%-ға өсті.

Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары көлемі Атырау облысында тіркелді. Өңірде 14,3 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Одан кейін Қарағанды облысы (4,7 трлн теңге), Павлодар облысы (3,7 трлн теңге), Астана (3,4 трлн теңге) және Маңғыстау облысы (3,3 трлн теңге) тұр.

Өндіріс өсімінің ең жоғары қарқыны Жетісу облысында байқалды. Мұнда көрсеткіш 29,9%-ға артқан. Сондай-ақ Түркістан облысында 23,8%, Алматы қаласында 21,5%, Алматы облысында 19,4% және Жамбыл облысында 17,8% өсім тіркелді. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасы елдің 20 өңірінің 16-сында байқалған.

Өнеркәсіптегі негізгі үлес өңдеу саласына тиесілі. Бұл бағыттағы өндіріс индексі 109,3% болды. Әсіресе жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 59,5%-ға, фармацевтикада 50,9%-ға, машина жасауда 22,2%-ға, химия өнеркәсібінде 21,9%-ға өсті.

Автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі 30,5%-ға артқан. Компьютер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісінде де 83,6% өсім тіркелді.

Ал тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс индексі 96,6% болды. Электрмен жабдықтау, газ және бу беру саласында бұл көрсеткіш 111,3%, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару саласында 108,9%-ды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз