Қазатомөнеркәсіп басқармасынан бір аптада үш адам кетті

Жарияланды 27 Қараша 2026 14:14

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
фото: NY

Қазатомөнеркәсіп басшылығында тағы бір өзгеріс болды. Сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов 26 қарашада өз еркімен қызметінен кетті. Осы аптада оның алдында өндіріс пен коммерцияға жауапты екі басшының да басқармадағы өкілеттігі тоқтатылған еді.

Компания 27 қарашада таратқан мәлімдемесінде директорлар кеңесі Сағындықовтың өтініші негізінде оның басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқанын хабарлады. Оның міндеттері компания басшылығы арасында бөлінді. Қазатомөнеркәсіп жұмысын әдеттегі тәртіппен жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін кімдер кетті?

24 қарашада Қазатомөнеркәсіптің директорлар кеңесі өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің басқармадағы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Осы өзгерістерге дейін компанияның басқармасында алты адам болғанын Kursiv Media жазған еді.

ҰҚК тергеуі туралы не белгілі?

25 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Омарбеков пен өзге де адамдардың 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. ҰҚК мәліметінше, олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырды делінген сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Аса ірі мөлшерде пара беру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҰҚК өзге күдіктілердің аты-жөнін жарияламады. Сол күні Қазатомөнеркәсіп құқық қорғау органдарына тергеуге қажетті көмек көрсетіп жатқанын растады.

Бұған дейін, 12 қарашада, «Самұрық-Қазынаны» басқарған Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев те ұсталған еді. 14 қарашада сот екеуін қамауға санкция бергенін ҰҚК хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз