«Үлкен жетілік» елдері Орталық Азияға 200 млрд доллар инвестициялауға дайын. Қаржының қомақты бөлігі Қазақстанға бағытталады
«Үлкен жетілік» елдері Орталық Азияға 200 млрд доллар инвестициялауға дайын. Қаражаттың қомақты бөлігі Қазақстанға бағытталады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаеваның «Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялық серіктестік» бағдарламасының АҚШ-тың арнайы үйлестірушісінің міндетін атқарушы Хелайна Мацамен кездесуінде белгілі болды.
Кездесуде тараптар көлік-логистика, таза энергия, ауыл шаруашылығы өнімдерін, сирек жер металдарын өндіру және өңдеу салаларындағы жобаларға инвестиция салу мүмкіндіктерін талқылады.
G7 «Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялық серіктестік» бағдарламасы дамушы елдердегі инфрақұрылымдық жобаларға 2027 жылға қарай 600 миллиард доллар инвестиция салуды көздейді.
Жиын барысында Назира Нұрбаева Қазақстанның көлік инфрақұрылымын, оның ішінде Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы дамыту, таза энергия өндіру, маңызды пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру салаларындағы жобаларды іске асыру перспективалары туралы айтып берді.
Министрдің орынбасары Орталық Азия өңірінің осы салалардағы ұзақмерзімді серіктестік үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтіп, Қазақстанның ортақ мақсаттарға жету үшін АҚШ-пен ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Хелайна Маца «Үлкен жетілік» елдері Орталық Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларға 200 млрд долларға дейін инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ мұндай жобаларды жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі – Қазақстан екенін атап өтті.
«Бағдарламаның негізгі мақсаты – Еуропалық нарықтарға одан әрі шығу арқылы Орталық Азия елдері арасындағы сауда қатынастарын кеңейту арқылы әлемдегі азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жеткізу тізбегін нығайту және әртараптандыру», – деді спикер.
Еске сала кетсек, S&P Global Ratings жариялаған есепте «Үлкен жетілік» елдерінің қарызы одан сайын өсіп бара жатқаны мәлім болды, бұл мәселе агенттік сарапшыларының көңіліне қауіп ұялатты. Bloomberg-тің жазуынша, бұл елдер қарызының деңгейін қазіргі қалпында ұстап тұра алмауы мүмкін.