«ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы активтерінің таза пайдасы үш есе өскен

«ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы активтерін басқаратын KMG International команиясы 2026 жылдың 9 айында таза пайдасын үш есе өсірді, деп хабарлайды, Kursiv.Media.
Компания ұсынған мәліметтерге сәйкес, бұл кезеңдегі шоғырландырылған EBITDA көрсеткіші 469 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 73%-ға өскен. Кәсіпорынның таза пайдасы да айтарлықтай артып, 219%-ға өсіммен 269 млн АҚШ долларына жетті.
Есепті кезеңде мұнай өндіру мен өңдеу көлемі артқан. Румыниядағы «Петромидия» мұнай өңдеу зауытында 4,087 млн тонна шикізат өңделген. Кәсіпорынның орташа тәуліктік жүктемесі 14,67 мың тоннаны құрап, жобалық қуатының шамамен 97%-ы деңгейінде жұмыс істеді.
Зауытта өндірілген мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 3,977 млн тоннаға жетті. Оның ішінде 1,793 млн тонна дизель отыны, 1,103 млн тонна бензин және 369 мың тонна Jet A-1 маркалы авиакеросин бар.
Өнімді өткізу көрсеткіштері де жоғарылаған: KMGI бөлшек сауда желілері арқылы отынның өнімдерін сатудың жалпы көлемі 5%-ға өсіп, 2,272 млн тоннаны құрады. Негізгі өсім Румыниядағы көтерме сауда көлемінің артуы мен Молдовадағы өнімді өткізудің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, отыннан тыс сектор да оң нәтиже көрсетті. Румынияда сабақтас тауарлар мен қызметтерді сату көрсеткіші 3%-ға көтеріліп, бөлшек сауда блогының EBITDA көрсеткіші 87 млн АҚШ долларына жетті.
KMG International тобы – ҚМГ-ның еншілес компаниясы. Ол Румыния аумағында екі мұнай өңдеу зауыты, мұнай терминалы, сондай-ақ Rompetrol деген танымал бренд негізінде төрт елде орналасқан 1,4 мың жанармай құю бекетіне және басқа да активке иелік етеді.
KMG осы мұнай өңдеу зауыттары үшін мұнайды Қазақстаннан да, өзге жеткізушілерден де сатып алады. Компания өзіне тиесілі Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудан бұрын, Румыниядағы екі зауытын модернизациядан өткізген.