Астанада шахматтан рапид бойынша командалық әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің үздік шахматшылары қатысып, үш күнге созылған әлем чемпионатында Al-Ain ACMG UAE командасы жеңімпаз атанды. Al-Ain құрамасы 23 ұпайдан 21 ұпай жинады, үш рет тең түсіп, тоғыз матчта жеңіске жетті.
Al-Ain командасының ойыншысы Даниил Дубов алтын жүлдеге қол жеткізсе, күміс медальді қазіргі әлем чемпионы Дин Лижэнь өнер көрсететін Decade China Team командасына бұйырды.
«Біз жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. Бірнеше мықты қарсыластар болды, біз сәтті ойын көрсетіп, бірде-бір ойында жеңілген жоқпыз. Магнус Карлсен мен оның үздік топ-10 ойыншылары WRChess командасын жеңу біз үшін үлкен жетістік болды. Сондай-ақ, біз қазақстандық Астана-1 командасымен де кездестік, ол ойындар да оңайға соқпады. Қазақстан шахматшылары ойындары жақсы, бірінші партияларда мен жергілікті ойыншылардың біреуінен жеңіліп қалдым», – деді әлем чемпионы Даниил Дубов.
12 турдан тұратын «швейцариялық» рапидтен кейін командалардың бірінші бестігі келесі ретпен орналасты:
1. Al-Ain ACMG UAE – 21 командалық ұпай (Зоннеборн-Бергер коэффициенті – 635,5/47 жеке ұпай);
2. Decade China Team (№ 2) – 20 (682/52,5);
3. WR Chess Team (№ 1) – 19 (533,5/42,5);
4. Chessy (№ 3) – 18 (606/45,5);
5. Team MGD1 (№ 6) – 17 (583/44)
Қазақстанның үздік командалары рапид бойынша келесі орындарға ие болды:
10. Kazchess (№ 5) – 13 командалық ұпай;
14. Teniz Kazakhstan (№ 13) – 13;
19. Astana-2 (№ 21) – 12;
20. GMs Kazakhstan (№ 23) – 12;
22. Astana-1 (№ 11) – 12.
Сондай-ақ, дүйсенбі, 5 тамыз күні блиц бойынша командалық әлем чемпионаты басталды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 350 000 еуро, соның ішінде рапидке 250 000 еуро бөлінсе, оның 100 000 еуросы блицке бөлінген, ал 40 000 еуро – жеңімпаз атанған командаға беріледі.
Екі чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі, сондай-ақ жабылу салтанаты 5 тамызда сағат 20.00-де Хилтон қонақүйінің ғимаратында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович Қазақстандағы білім саласына шахмат ойынын енгізу, сондай-ақ спортшыларды даярлау бастамасын жоғары бағалады. Ол KazChess басшысы Тимур Турловпен елімізде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарын талқылады.