Демеу Жадыраев грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды деп хабарлайды Olympic.kz.
77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Демеу финалда жапондық Нао Куссакиге есе жіберді.
Араға жиырма жыл салып, грек-рим күресінен Олимпиаданың финалында белдескен Демеу Жадыраев отандық спорт тарихына есімін алтын әріптермен жазды. Бұған дейін қазақ балуандары Олимпиаданың финалынан үнемі сырт қалатын.
Шешуші кезеңге дейін Жадыраев Колумбия (9:0), Қырғызстан (3:1) және Әзірбайжан (6:1) өкілдерін жеңді. Сонымен қатар ширек финалда қырғызстандық екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмудовтан басым түскені басты сенсация болды.
Айта кетейік, 1980 жылы грек-рим күресі бойынша КСРО сапында алғаш рет алтынды Жақсылық Үшкемпіров алған. Ал тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан грек-рим күресінен олимпиадада бір ғана алтын алған. 1996 жылы Атлантада (АҚШ) Юрий Мельниченко чемпион атанды.
Демеу Жадыраевтың қарсыласы 23 жасар жапондық Нао Кусака грек-рим күресі бойынша әлемдік рейтингте 1-орында тұрғанын айта кетейік.