«Қазақстанның орнықтылық қоры» 2024 жылдың І жартыжылдығында 26,4 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
орнықтылық қоры
Фото: kursiv.media архиві

Ұлттық банктің еншілес ұйымы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» (ҚОҚ) 2024 жылдың І жартыжылдығында 26,4 млрд теңге таза пайда тапқан. Орнықтылық қоры – «7-20-25» және «Баспана-Хит» ипотекалық бағдарламаларының негізгі операторы.

Компанияның аудиттелмеген аралық қаржы есебі Қазақстан қор биржасының сайтына орналастырылған.

Қордың жарты жылдағы жалпы пайыздық кірісі 96 млрд теңгеге жеткен. Пайыздық шығысы 76 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде қордың биыл алты айда тапқан таза пайдасы өсіп, жарты жылда 26 млрд теңгеден асты. 2023 жылдың қорытындысында 40,5 млрд теңге таза пайда тапқан еді.

Орнықтылық қорының активтері 2023 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2,67%-ға өсіп, 3,97 трлн теңгеден 4,08 трлн теңгеге жеткен. Міндеттемелері сәл азайғаны байқалады. Былтыр жыл соңында 1,21 трлн теңгені құраған міндеттемесі 1,18 трлн теңгеге дейін азайды. Меншікті капиталы 2,9 трлн теңгеге тең.

2024 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша, қор жалпы 35 борыштық бағалы қағаз шығарылымын иеленеді. Оның төртеуі биыл жарты жылда шығарылған. Шығарылған борыштық бағалы қағаздардың жалпы құны – 1,2 трлн теңгеге тең. Бұл облигацияларды өтеу мерзімі 1-10 жыл, купондық кірісі – 8,5%.

ҚОҚ − Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы. Негізгі міндеттері: банк секторының қаржылық тұрақтылығына ықпал ету; ипотекалық тұрғын үй заемдарының қол жетімділігін қамтамасыз етуге қатысу; ипотекалық тұрғын үй заемдарын (ипотекалық қарыздар) қайта қаржыландыру тетігін іске асыруға қатысу; басым жобаларды несиелеу механизміне қатысу; Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыздық жүктемесін азайту жөніндегі шараларды іске асыруға қатысу.

Қор 2023 жылға дивиденд төлемеді. 2022 жылғы пайда 2021 жылғыдай «7–20–25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз