Ағайындылар туралы отандық драма – Дархан Төлегеновтің дебюттік фильмі

Жарияланды 22 Тамыз 2024 19:04

(жаңартылды 23 Тамыз 2024 09:18)
post.authors.0.name

Айшолпан Керім

Қазақстандық режиссер Дархан Төлегеновтің «Братья» фильмі жарыққа шықты / Фото: Айшолпан Керім

«Братья» – «Бауырлар»  фильмі прокатқа шықты. Бұл – режиссер Дархан Төлегеновтің дебюттық жұмысы. Kursiv Media тілшісі фильмнің жабық көрсетіліміне барып, фильмді алғашқылардың бірі болып тамашалап, түсірілім тобымен сөйлесіп қайтты.

Фильм үш жылға жуық уақыт бұрын түсірілген. Осы аралықта туынды 15-тен аса әлемдік жүлде иеленіп үлгерген. Кинокартина әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермен мен киносыншылардың оң бағасын алды. Бұл фильмді Мәдениет және ақпарат министрлігі,  «Ұлттық киноны қолдау мемлекетті орталығы» және Golden Man Media түсірген.

Түсірілім тобы көрерменге ерекше жанрдағы, айрықша бояуы бар туынды ұсынғысы келген. Олар комедия емес, драма түсірген.

Фильм сюжеті бойынша, Ақжол — жасы толып, енді ғана жетімдер үйінен шыққан жігіт. Ол әкесі Ғазиз Әменовтің тірі екеніне, оны күтіп отырғанына көзсіз сеніп, үлкен өмірге қадам басқан алғаш күнінен-ақ өзін тастап кеткен әкесін іздеуге кіріседі. Әлеуметтік баспанаға жайғасқан Ақжол қаладағы өзге жетімдер үйінен шыққан Димаш деген жігітпен бірге өмір сүре бастайды. Екеуі қарақшылықпен, ұрлықпен айналысып, ақша тауып жүреді. Бір күні әкесінің ағасымен кездесіп, туған інісі барын біледі. Бірақ інісі Дәлен – мүлдем басқа жағдайда өмір сүріп жатқан жігіт. Ақжол інісін тауып, ағасы екеніне сендіріп, тастап кеткен әкесін бірге іздеуге көндіреді. Оқиға осы ұзақ жол негізінде өрбиді. Жігіттер әкесін іздеп, шекара асуға, тіпті заң бұзуға да мәжбүр болады.

Бұл фильм — режиссер Дархан Төлегеновтің дебюттық жұмысы және 2020 жылы «Ұлттық киноны қолдау мемлекетті орталығының» қолдауына ие болған. Алғаш рет кинокартина 2022 жылы  Oldenburg International Film Festival неміс кинофестивалінде көрсетіліп, Spirit of Cinema жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар туынды Asia Pacific Screen Awards марапатының  «Үздік режиссер», «Үздік актер» аталымдары бойынша, «Киношок» фестивалінде «Үздік сценарий» аталымын жеңіп алды.

Кинокартина басталған алғашқы минуттардан-ақ көрермен назарын баулап алады. Фильмнен алған әсер ұзақ уақытқа дейін санаңда сайрап тұрады. Сахналар әсерлі, финалы ерекше. Актерлардың шеберлігіне де көрермен тәнті болған сияқты. Зал бірде ду күліп, бірде күрсініп отырды. Фильмдегі басты рөлдерді Әлішер Смаилов, Айбар Салы, Азат Жұмаділ сомдаған. Сонымен қатар Жанель Мақажан және Дулыға Ақмода, Рүстем Жаныаманов сияқты танымал актерлар түскен.

«Дебют – өте ерекше оқиға. Бұл оқиғаның студент күнімде елесткенімдей өтіп жатқанына қуаныштымын. Жобаны жүзеге асыру үшін үлкен команда еңбек етті. Актерларды таңдауға да ерекше мән бердік. Өзімнің дебютым сияқты, актерлар үшін де бұл үлкен кинодағы дебют болғанын қаладым, сондықтан бұл жобада дебютанттар баршылық. Бұл – бауырлар арасындағы қарым-қатынас жайлы, өздігімізді таба алмағанда қандай әрекетке бара алатынымызды көрсететін фильм. Өзімнің де інім бар, сондықтан қиялға ерік беріп, бір-бірінің барынан хабары жоқ екі бауырды кездестіріп, оларға болашаққа үміт сыйласақ қалай болады деген ойдан басталып кеткен бір жобамыз осы деңгейге жетіп жатқанына қуаныштымын», – дейді фильм режиссері Дархан Төлегенов. 

Фильм 22 тамыздан бастап барлық кинотеатрлардан көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз