Қазақстанда 5 млн теңгеге қандай көлік сатып алуға болады?

Жарияланды 10 Қыркүйек 2024 13:37

(жаңартылды 10 Қыркүйек 2024 20:12)
post.authors.0.name

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Бүгінде қазақстандықтардың 50%-ы ескі әрі арзан көлік тізгіндеп жүр / Архив: kursiv.media

Қазақстанда арзан көлік түрлері сұранысқа ие. Koleso Group  статистикасы бойынша, авто іздеу жүйелерінде көпшілік бағасы 5 млн теңгеден төмен автокөлік қарастырады. Бұл ретте «Курсив» тілшісі осы бағаға қандай темір тұлпар тізгіндеуге болатынын зерттеп көрді.

Қазақстан нарығында 5 млн теңгеге (10,500 доллар) сатып алуға болатын арзан көлік түрлері мынадай:

  1. Hyundai Accent – ​​қазақстандықтар үшін тартымды көліктердің бірі. Accent 100 ат күші бар 1,4 литрлік бензин қозғалтқышымен жабдықталған. Беріліс қорабы механика немесе автоматты болуы мүмкін. Көлік 12 секундта 100 км/сағ жылдамдыққа дейін жүйітки алады. Аралас циклдегі жанармай шығыны 100 километрге 6,5 литрді құрайды. Көлікте бес адамға арналған орын бар. Багажниктің көлемі 400 литр барлық қажетті затты тасымалдауға мүмкіндік береді.
  2. Chevrolet Cobalt – көпшілік арасында танымал автолардың бірі. Тіпті, жеңілдетілген авто несие бағдарламасы аясында ең бірінші рәсімделген авто осы Chevrolet еді. Ол 106 ат күшіне сай 1,5 литрлік бензин қозғалтқышымен жабдықталған. Осы арқылы көлік жанармайды үнемдеу жағынан тиімді. Көлікте бес адамға арналған орын бар. Багажнигінің сыйымдылығы комплектациясына байланысты 394-563 литр.
  3. Skoda Rapid – нарықтағы танымал автокөліктерді бірі. Rapid-те 110 ат күші бар. Сонымен қатар жанармай үнемдейтін 1,6 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған. Бұл авто сонымен қатар алдыңғы қауіпсіздік жастықтары, бүйірлік қауіпсіздік жастықтары және тұрақтылықты басқару сияқты көптеген қауіпсіздік мүмкіндіктерін ұсынады. Багажник көлемі де үлкен – 530 литр.

Бұл нарықтағы 5 млн теңгеге дейінгі сомаға алуға болатын жаңа көліктердің бірқатары. Ал қайталама нарықтан осы ақшаға тізгінделгеніне 5-20 жылдан асқан автолар да табуға болады.

Бүгінде қазақстандықтардың 50%-ы ескі көлік тізгіндеп жүр. Жаңа көлік іздейтін қазақстандықтар саны 30-35%-дан аспайды. Оның ішінде 6% адам ғана жаңа көлік туралы білу үшін диллерлерге тікелей хабарласады.

Еске сала кетсек, былтыр Қазақстанның автомобиль нарығы 10 жылда алғаш рет өсті. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі жеңіл автокөліктердің саны 14,4%-ды құраса, 2015-2021 жылдар аралығында бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 0,7%-ға төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз