Алматыда электр көліктерін тұраққа тегін қоюға болады. Ол үшін не істеу керек?

Жарияланды 12 Қыркүйек 2024 17:21

(жаңартылды 12 Қыркүйек 2024 17:59)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Ол үшін көлік құжатын ұсыну керек, өтініш екі апта қаралады / Архив: kursiv.media

2024 жылдың 18 қыркүйегінен бастап электромобильдерге арналған тегін тұраққа қатысты жаңа заң күшіне енеді. Осылайша алдағы уақытта «жасыл» көлік иелері автоларын тұрақтарға тегін қоя алады деп хабарлады «Алматы паркинг» қаладағы коммуналдық ақылы тұрақ операторы.

Бұл ретте темір тұлпар иесі арнайы құжатты ұсынуы керек.

«Электромобиль иелері коммуналдық тұрақты пайдаланып, төлемнен босатылуы үшін тиісті құжаттарды ұсынуы қажет. Бұл ретте электромобиль иелері «Алматы паркингі» мекемесіне тікелей жүгіне алады. Сонымен қатар техпаспорттың сканерленген нұсқасын «Е-Өтініш» порталына жүктеп, өтініш беруге де болады», – деп мәлімдеді кәсіпорын.

Әкімдіктің хабарлауынша, өтініш екі аптадан астам уақыт қаралады.

«Әр адам өтінішті қарау нәтижесі туралы ресми жауап алады. Тізілім жыл сайын жаңартылатындықтан, бұл процедура жыл сайын жасалуы керек», – деп түсіндірді компания.

Еске сала кетсек, Қазақстанда электромобильдерге арналған инфрақұрылым жетілу түсуде. Мәжіліс электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Соған сәйкес электрокар иелері салық пен утильалымын төлемейді және басқа да артықшылықтарға ие болды.

Сондай-ақ оқыңыз