Қазақстандықтар енді ерікті түрде несиеден мүлде бас тарта алады
Қазақстан азаматтары eGov.kz порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан өз еркімен мүлде бас тарта алады.
Бұл қызметті пайдалануға тек азаматтың өзі ғана өтінім бере алады. Кредиттер мен шағын қарыздарды рәсімдеуге тыйым салу кезінде нақты мерзім белгіленбейді. Яғни бұл шектеуді кез келген уақытта алып тастай алады.
eGov.kz порталында мұның арнайы алгоритмі әзірленген. Ол үшін қызмет көрсетуді мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінім беру қажет.
Несиеден ерікті бас тарту үшін не істеу керек?
- eGov.kz порталында авторизация жасап, «Кеден және салықтар» бөліміне өтіңіз;
- тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;
- қажетті ақпараттарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қойыңыз;
- көрсетілетін қызмет нәтижесімен «Жеке кабинетте» танысуға болады.
Ал шектеуді алып тастау үшін не істеу керек?
- «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдаңыз;
- «Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «Иә» деп жауап беріңіз және онлайн режимді бұл шешіміңізді қол қою арқылы растаңыз.
«Сервис жеке тұлғаның банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды жою құқығын бекітуді көздейтін заңнамалық актілерге түзетулер шеңберінде іске асырылғанын атап өтеміз», – деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы.
Айта кететіні, қазақстандықтарға жыл басынын бері 9 трлн тенге несие берілген. Бұл ретте жеке тұлғалардың несие портфелі 11%-ға өсіп, 21 трлн теңгеге жетті. Қазақстанда әр борышкердің орта есеппен 2,4 млн теңге кредиті бар.