Almaty Open 2024: әлемнің үздік теннисшілері алғаш рет Алматыда ойнайды

Жарияланды 18 Қыркүйек 2024 09:46

(жаңартылды 18 Қыркүйек 2024 10:41)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Almaty Open / фото: Теннис федерациясы

Биыл Алматы қаласында 13-20 қазан аралығында алғаш рет Almaty OPEN турнирі өтеді. Оған қатысатын әлемдік деңгейдегі ойыншылардың тізімі анықталды деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясы.

Федерацияның мәліметінше, тізім көшін 2023 жылғы Astana Open ATP 250 турнирінің финалисі, әлемнің 15 ракеткасы америкалық Себастьян Корда, тағы бір Америка өкілі Фрэнсис Тиафо (16 ATP), Чили өкілі Алехандро Табило (22 АТР), ресейлік Карен Хачанов (23 ATP), франциялық Артур Фис (25 ATP) және қазақстандық Александр Бублик бастады.

Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік астанасында италиялық Флавио Каболли (32 ATP), чехиялық Томас Махач (35 ATP), өткен жылғы Astana Open ATP 250 турнирінің чемпионы, франциялық Адриан Маннарино (46 ATP), мажарстандық Фабиан Марожан (49 ATP), әлемнің бұрынғы 9-ракеткасы, италиялық Фабио Фоньини және т.б ойнайды.

«Биыл ТОП ойыншыларды шақыру өте қиынға түсті. Себебі Синнер, Алькарас, Джокович, Медведев және Надаль сияқты алғашқы ондыққа кіретін ойыншылар Сауд Арабиясында көрме турнирінде өнер көрсетеді. Олар онда өте көп табыс табады, теннисшілер кепілдіктерін қосқанда, Сауд турнирінің жалпы жүлде қоры 15 миллион АҚШ долларын құрайды. Әрине, біз ойыншылар тарту үшін мұндай көлемдегі қаржыны жұмсай алмаймыз. Біздің басты мақсат қазақстандық жасөспірімдерді дамыту», – деді Қазақстан теннис федерациясының ресми өкілі Юрий Польский.

Ал Қазақстан намысын Александр Бубликтен басқа Александр Шевченко, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов, Бейбіт Жұқаев және Денис Евсеев, жұптық сында Александр Недовесов қорғайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Александр Бублик Lexus Kazakhstan бренд амбассадорлары атанған еді.

Lexus компаниясының мәліметінше, бұл серіктестік аясында спортшы «Tennis For Life by Lexus» атты балаларды тенниске тарту және дамыту бойынша бірегей бағдарламасына белсенді қатысатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз