Мерзімі өткен несие көлемі артып жатыр: микроқаржы ұйымдарының таза пайдасы 34%-ға қысқарған
Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) 2024 жылдың І жартыжылында 48,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 33,6%-ға аз. Қаржы нарыған реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының жай-күйіне қатысты есебінен МҚҰ потфеліндегі проблемалық берешектің өскені байқалады.
Осы уақыт аралығында МҚҰ-ның жалпы кірісі 349 млрд теңгені құраған. Соның ішінде сыйақы алумен байланысты кірісі 11,2%-ға өсіп, 219,4 млрд теңгеден 245 млрд теңгеге жеткен.
Микроқаржы ұйымдарының таза пайдасының азаюына шығыстың 22,9%-ға өсуі себеп. Бір жылда МҚҰ-ның шығысы 239,4 млрд теңгеден 294,3 млрд теңгеге жеткен. Соның ішінде сыйақы төлеуге кеткен шығыны 58 млрд теңгеден 79 млрд теңге болған.
Таза пайданың азаюына тағы бір себеп – операциялық шығынның артуы. Бір жылда ол 84 млрд теңгеден 105 млрд теңгеге жеткен.
Елімізде 223 МҚҰ жүмыс істейді. Олардың активтері жарты жылда 8%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құраған. Ал міндеттемелер 8,5% қосып, 1,06 трлн теңге болды.
Жалпы несие портфелі (кері репо операцияларын есепке алмағанда) жарты жылда 7,9% өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде мерзімі өткен берешегі жоқ шағын несие көлемі – 1 трлн теңге. Ал мерзімі өткен берешек бір жылда 26,8% өсіп, 277,9 млрд теңгені құраған.
Ал төленбегеніне 3 айдан асып кеткен шағын несие көлемі – 109,6 млрд теңге. Алты айда бұл көрсеткіш 42,9% өскен.
Микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктері кәсіпкерлерге 1,5 трлн теңге кредит берген. Бұл – микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) мен несие серіктестіктерінің несие портфелінің 64%-на тең.
Енді микроқаржы ұйымдарына қарызын кешіктірген борышкерлерге демалыс және мереке күндері хабарласуға рұқсат берілмек.