Toyota Camry көлігінің жылдар бойы сұранысқа ие болуының сыры неде? Сарапшылар артықшылықтары мен кемшіліктерін атады

Жарияланды 21 Қыркүйек 2024 15:14

(жаңартылды 23 Қыркүйек 2024 09:34)
post.authors.0.name

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Toyota Camry көлігінің сұранысқа ие болуының сыры неде?
Toyota Camry көлігінің сұранысқа ие болуының сыры неде? / Архив: kursiv.media

Toyota Camry – бұл Қазақстандағы ең танымал автокөлік. Тек көлік емес, кейбір қазақстандықтар үшін инвестиция құралы. Себебі бұл седанды 10 жыл бойы тізгіндеп, кейін тіпті табысты сатуға болады. Бірақ жапондық темір тұлпар қаншалықты жиі бұзылады? Toyota Camry-дің қайталама нарықтағы құндылығы мен өтімділігінің құпиясы неде? Бұл брендтің күші ме, әлде бағаның арзандығы ма? «Курсив» тілшісі зерттеп көрді.

Toyota бренді Қазақстан нарығына сонау 2000 жылы келді

Әрине, ресми диллерлік орталық одан кейін – 2009 жылы ашылды. Бірінші мұндай шоу-рум елордада пайда болды. Осылайша су жаңа Camry бизнес-седандарының саудасы қыза түсті. Бұл көлік тек Қазақстанда ғана емес 2010 жылдан бері әлемде ең көп сұранысқа ие, ең көп сатылатындардың қатарында болды.

Дегенмен қайталама нарықта таңдау өте үлкен – әртүрлі жылдардағы сан түрлі көлік маркалары бар. Соған қарамастан Camry-ді мұнда да талап әкетеді.

Соңғы үш кезеңдегі көрсеткіш: XV50, XV70 және XV80

Біріншісі 2011 және 2017 жылдар аралығында шығарылды, бірақ 2014 жылы рестайлинг жасалды. Келесі екеуі тиісінше 2017 жылдан 2023 жылға дейін және 2023 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтиды.

Camry XV50 – 1AZ сериялы 2,0 литрлік атмосфералық бензин қозғалтқышпен жабдықталған. Кейін жетілдірілген нұсқалары 6AR сериясының бірдей көлемдегі қозғалтқыштарына ауысты. Сондай-ақ капоттың астында 181 ат күші бар 2,5 литрлік және 277 және 249 ат күші бар 3,5 литрлік нұсқалары шығарылды.

Camry XV70 – бастапқыда дәл осындай қозғалтқыштармен жабдықталған. Сыртқы дизайны өзгеріп, көлік ықшамдалды. Заманауи оптика қосылып, ішкі интерьер өзгерді.

Ал XV80 ең заманауи қозғалтқыш – ең сенімді Toyota модельдерінің бірі саналады. Соңғы нұсқада толық гибридті топтама бар және бұл қазіргі уақытта трендте. 80-нің басты ерекшелігі – спорттық стиль. Бұған дейін аталған седан отбасылық та, спорттық та емес, таза бизнес бағыттағы «салмақты адамдар үшін салмақты көлік» ретінде ұсынылған. Бәлкім сапа мен бағадан бөлек, дизайны мен де көз тартып, қазақстандықтардың сүйікті көлігіне айналса керек.

Әлсіз тұстары мен артықшылықтары

Сарапшылар көліктің әлсіз тұстары аз деп есептейді. Ол сорғы, фазалық ауыстырғыштарға қатысты айтылған сын болса керек. Жаңартылған нұсқадағы тікелей бүрку жүйесі және желдету жүйесіне қатысты мәселелер тудыруы мүмкін. Сонымен кемшіліктер көбіне қозғалтқыштың көлеміне байланысты. Әлбетте 2,0 литрлік атмосфералық бензин қозғалтқышпен 2,5 литрлікті салыстыруға келмес. Содай-ақ соңғы көлік модельдерінің асты аласалығы да жиі айтылады. Алайда осындай мәселелерден басқа мамандар күрделі қиындықтарды атамады.

Мамандар Toyota компаниясы өндіріске адалдығын жылдар бойы дәлелдеді деп есептейді.

«Компания жоғары деңгейлі инженерияны жақсы жобаланған шанақпен үйлестірді», – дейді авто сарапшылар.

Toyota бүкіл өндіріс процесінде сапа менеджментін қолданады. Бұл көліктердің жоғары стандартқа сай болуын қамтамасыз ету үшін олар өндірістің әр кезеңінде өз өнімдерін мұқият қадағалайды дегенді білдіреді.

Еске сала кетсек, БАӘ-де Toyota Camry 80 сатыла бастады. Қазақстан нарығына көлік «сұр» саудагерлер арқылы келді. Алайда диллерлік орталықта әлі жоқ.

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» мәліметінше, маусымда жаңа автокөліктер саудасы мамыр айымен салыстырғанда 30,2% өсіп, 16 688 жеңіл көліктер мен коммерциялық техникалар сатылған. Осылайша алты айда 83 145 авто саудаланды. Бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының көрсеткішінен 0,1% төмен (83 220 бірлік). Осылайша Қазақстандықтардың сүйікті Toyota Camry-ін өзге үш бренд басып озды.

Сондай-ақ оқыңыз