Британия үкіметінде корольдің отбасын асырау ресми түрде жылына 86 млн фунтқа түсетіні айтылғанымен, шын мәнінде, бұл сома 510 млн фунтқа дейін (680 млн доллар) жетеді. Бұл туралы Republic антимонархистік ұйымы хабарлады.
Ұйымның жаңа баяндамасында корольдің отбасының тек шығындары ғана емес, сонымен бірге олардың меншігінде тұрған жерлер мен жылжымайтын мүлік мемлекетке тиесілі болмағандықтан, Ұлыбритания қазынасының қаншалықты шығын көретіні де есептелген. Қазіргі уақытта салық төлеушілердің есебінен корольдің отбасына бөлінетін ресми грант 86 млн фунтты құрайды.
2011 жылғы заңға сәйкес бұл сома жыл сайын Crown Estate (Корольдік мүлік) кірістеріне байланысты есептеледі. Crown Estate құрамына Лондондағы және басқа да қалалардағы жылжымайтын мүлік пен кең жерлер кіреді. Бұл мүліктерді жалға беру арқылы 2023 жылы 443 млн фунт кіріс түсті.
Корольдің отбасы қауіпсіздігі
Король Чарлздың отбасы шығындарына келетін болсақ, Republic ұйымы қауіпсіздікке кететін шығындарды шамамен 150 млн фунт деп бағалады. Дегенмен бұл тек болжамды көрсеткіш екенін ескертті. Бұдан бөлек, антимонархистер корольдік резиденциялар мен Ланкастер және Корнуолль герцогтіктерінің жылжымайтын мүліктері коммерциялық түрде пайдаланылса, мемлекет қазынасына қосымша 200 млн фунт түсуі мүмкін екенін айтады.
Антимонархистердің пікірінше, монархқа жұмсалатын шығындар жылына 5-10 миллион фунтпен шектелуі керек, ал корольдің жылдық жалақысы 189 мың фунт болуы тиіс. Қазіргі жағдайды олар «халық ақшасын ысырап ету» деп атады.
YouGov компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, британдықтардың 55%-ы монархияға жұмсалатын шығындарды ақталған деп санайды, ал 30%-ы теріс пікір білдірді.