Павел Дуров Telegram қолданушыларына өз аккаунтын бұзып көруді ұсынды

Жарияланды 13 Қараша 2026 23:19

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Павел Дуров Telegram қолданушыларына өз аккаунтын бұзып көруді ұсынды / Фото: Shutterstock

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров мессенджердегі жаңа виджеттер арқылы бір ғана кіріс хабарламасымен Android немесе Windows құрылғыларын бұзуға болады деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол өз сөзіне күмән келтіргендерге мұны өзінің жеке аккаунтында сынап көруді ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Егер басқаша ойласаңыз, менің аккаунтымды бұзып көріңіздер», – деп жазды Дуров өзінің Telegram-арнасында @monk қолданушы атын көрсете отырып.

Дуровтың айтуынша, ақау орын алуы үшін қолданушы алдымен бөгде сервисті өз қолымен іске қосуы тиіс болған. Сондай-ақ, ол Telegram бұл мәселені сервер тарапынан толық жойғанын айтты.

Айта кетейік, 9 қарашада Telegram-да боттарға чат ішінде ойындар, сауалнамалар және өзге де интерактивті элементтерді жіберуге мүмкіндік беретін виджеттер іске қосылған. Көп ұзамай V12 зерттеушілері ботты қосқаннан кейін виджеттің Android жүйесіндегі калькуляторды өздігінен ашатынын көрсеткен. Ал SecurityLab басылымы мессенджердің компьютерлік нұсқасында бөгде кодты іске қосу қаупі бар екенін хабарлағанымен, Windows жүйесінде мұндай шабуылдың нақты дәлелі ұсынылмаған еді.

Осыған дейін Павел Дуров NVIDIA басшысы Дженсен Хуангтың жағдайына қатысты пікір білдіріп, компания құрылтайшыларына директорлар кеңесіне тәуелді болмауға кеңес берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз