Канада, Аустралия, Германия және Нидерланд әйелдер құқығын бұзғаны үшін Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысын БҰҰ сотына берді. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.
Басылымның ақпаратына сүйенсек, бұл бірнеше елдің бір ел билігін алғаш рет Гаагадағы халықаралық сотқа беруі болып отыр.
Іс 1979 жылы Бас Ассамблея қабылдаған және 1981 жылы күшіне енген әйелдерге қатысты теңсіздіктің барлық түрін жою туралы конвенцияға сәйкес қозғалды.
Ауғанстан конвенцияны «Талибан» қозғалысы билікке келмей тұрып 2003 жылы ратификациялаған. Сот тыңдаулары 6 ай өтуі тиіс, Ауғанстан осы аралықта ресми жауап беруге міндетті.
«Талибан» соттың шешімін қабылдаудан бас тартқан күннің өзінде Халықаралық сот шешімі оның дипломатиялық қарым-қатынасына әсер етеді. Яғни өзге елдердің Ауғанстанмен келіссөздер жүргізуіне тежегіш болады.
Айта кетейік, «Талибанды» сотқа беріп отырған төрт елдің үшеуінің сыртқы істер министрі әйел дипломаттар: Аустралиядан Пенни Вонг, Германиядан Анналена Баербок және Канададан Мелани Джоли.
БҰҰ отырысында әлемге әйгілі актриса Мэрилл Стрип Ауғанстанда әйелдерге қарағанда, мысықтардың өмірі еркін екенін айтқан.
«Мысық әйелге қарағанда еркін. Мысық үйінің кіреберісінде отырып, бетіне күн сәулесін түсіре алады. Ол саябақта тиіннің артынан қуа алады. «Талибан» әйелдер мен қыздарға арналған қоғамдық саябақтарды жауып тастады. Кабулда құстар ән айта алады, ал қыз бала даусын шығара алмайды», – деді актриса.
2021 жылы АҚШ әскері Ауғанстан аумағынан кеткеннен кейін, елде қайтадан тәліптер билігі орнаған. «Талибан» қозғалысы билікке келгеннен бері ауған әйелдеріне қысым күшейген. Алдымен оларға мектепте білім алуға, боянуға, жұмыс істеуге шектеу қойған. Кейіннен көшеге жалғыз шығуға, сөйлеуге, денесінің қандай да бір бөлігін ашып жүруге тыйым салынды.
Айта кететін жайт, Қазақстан «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдардың тізімінен алып тастады. Сыртқы істер министрлігі шараның Ауғанстанмен сауда-экономикалық қатынасты қайта қалпына келтіруге бағытталғанын атап өткен.