Шотында 4,4 млн теңгесі жоқ қазақстандықтар Пхукет аралына кіре алмауы мүмкін

Жарияланды 1 Қазан 2024 13:26

(жаңартылды 1 Қазан 2024 13:26)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Шотында 4,4 млн теңгесі жоқ азаматтар Пхукет аралына кіре алмауы мүмкін / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Таиланд билігі шоттарында 4,4 млн теңгесі жоқ қазақстандықтардың Пхукет аралына кіруіне тыйым салуы мүмкін. Аралдың губернаторы Сопхон Суваннарат туристердің келуіне байланысты басқа елдермен визасыз режим жүйесіне наразылық білдірді.

Phuket News ақпаратына сүйенсек, Суваннарат туристерге қаржылық шектеулер енгізуді ұсынды. Оның ішінде шоттарда кемінде 300 мың бат болуы керек. Тиісінше, қазақстандықтардың шотында 4,4 млн теңге болуы керек.

Таиланд туристік басқармасының (ТАТ) мәліметі бойынша, 2023 жылы бұл елге Қазақстаннан 172 мың турист келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Жыл соңына қарай көрсеткіш 220 мыңнан асады деп күтілуде.

Суваннарат визасыз режимге байланысты туристердің бақылаусыз келуі аралда кептеліс тудырғанын атап өтті. Билік заңды бұзғаны үшін 200 жуық визаның күшін жойған.

«Жағажайлар толы, қоғамдық тәртіп бұзылып қызмет көрсету сапасы нашарлауы Пхукеттің сапалы курорт ретіндегі имиджіне теріс әсер етеді», — деді губернатор. 

Арал билігі туристтер ағынын Ранонг пен Краби сияқты көршілес провинцияларға бағыттауды жоспарлап отыр.

Пхукет туризм қауымдастығының президенті Танет Тантипириякид көп ақша жұмсайтын «сапалы туристерді тарту үшін инфрақұрылым мен қауіпсіздікті жақсарту қажет екенін атап өткен.

Қазақстан азаматтары Таиланд корольдігінде 30 күн емес, 60 күн визасыз демала алады. Корольдік елдегі туристер санын арттыруға байланысты «цифрлық көшпенділер» визасын шығармақ. Оны алған азаматтар 180 күн ел аумағында жүре алады.

Аталмыш визаны алу үшін Таиландқа тай боксы немесе аспаздық курстарына, музыкалық фестивальге немесе семинарға, көрмеге немесе емделуге бару туралы құжат ұсыну керек.

Сондай-ақ оқыңыз