Алты айдан кейін мопед иелері басқа көлік құралдарының жүргізушілері секілді заң алдында жауап береді – ІІМ

Жарияланды 4 Қазан 2024 20:05

(жаңартылды 4 Қазан 2024 20:10)
post.authors.0.name

Нұртай Текебаев

Тілші
мопед
Мопед иелері де айыппұл арқалайды/ Фото: shutterstock, freepik

Қазақстанда мопедтер қозғалысын қадағалау күшейеді. «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» туралы жаңа заң екі айдан кейін күшіне енеді. Мопед иелеріне құжаттарды реттеуге алты ай уақыт беріледі.

«Нақтырақ айтсақ, осы заңды іске асыру аясында мопедтерді тіркеу қағидаларына қатысты алгоритмді іске асыру үшін басқа да құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі. Бұл іс-шаралар жылдың соңына дейін атқарылады», – деп түсіндірді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Жылдың басынан бастап мопед құралының иелері өздерінің көлік құралдарының құжаттарын қарап, тексеріп, дайындық жұмыстарын жүргізеді. Сәйкесінше осы кезеңде автомектептерде А1 санаты бойынша оқып, жүргізуші куәлігін алуға тиіс. Ал А немесе В жүргізуші куәлігі бар адамдарға А1 куәлігін алу талап етілмейді.

«Алты айдан кейін осы заң күшіне енгеннен кейін мопед жүргізушілерінің жауапкершілігі қарала бастайды. Яғни тіркелмеген мопед көлігін жүргізуге болмайтынын еске саламыз. Бұрын мопед иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 611 және 615-баптары ғана бойынша жауап берсе, енді механикалық көлік құралдарының жүргізушілері секілді бірдей жауапкершілік қарастырылады. Мопедтер техникалық байқаудан өткізіліп, олардың жүргізушілері сақтандыру полисін алуы керек», – деді аға инспектор.

3 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді тіркеп, жүргізуші куәлігімен жүруге міндеттейтін заң жобасына қол қойды. Мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейді, оның мөлшері – 0,25 АЕК. Көлікті тіркеу үшін өтініш жазып, жеке куәлігін көрсетуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз