13 қазан күні Алматыда Ұлттар лигасы аясында Қазақстан – Словения матчы өтеді. Орталық стадионға матч басталмастан екі сағат бұрын, яғни сағат 16:00-ден бастап кіруге рұқсат етіледі.
Алматының спорт басқармасы билетті алдын ала Қазақстан футбол федерациясының ресми серіктесі – Ticketon сайтынан сатып алуға кеңес берді. Қарбалас тудырмас үшін билет стадион кассасында сатылмайды. Орталық стадионға сағат 16:00-ден бастап кіруге болады. Көрермендер үшін матч алдында қызықты бағдарлама дайындалған.
«Өткізу жүйесін жақсарту үшін билетке адамның аты-жөні жазылады. Стадионға билетте жазылған адам жеке басын куәландыратын құжатын (жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі) көрсеткен соң кіргізіледі. Делдалдарға жолығып жүрмеңіз», – деп ескертті басқарма.
Жолаушылар легінің артуына байланысты Орталық стадион арқылы өтетін №34, 92, 118, 120, 120а, 79 және 121 автобустарының бағыттарын бақылау режимі күшейтіледі.
Сондай-ақ қосымша 8 автобус бөлініп, тегін экспресс-маршруттар ұйымдастырылады.
Тикетон мәліметінше, ең арзан билеттің құны 3 000 теңгеден басталса, ең қымбат билет 12 000 теңге тұрады. Сондай-ақ стадиондағы орындарға байланысты билеттер 5000-8000 теңге аралығында сатылуы мүмкін.