Ресейде өзгеріске ұшыраған «Айтматов» фильмі Қазақстанда қашан көрсетіледі

Жарияланды 10 Қараша 2026 09:35

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: «Айтматов» фильмінің постері

Қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың өміріне арналған «Айтматов» көркем фильмінің Қазақстандағы премьерасы кейінге шегерілді. Бастапқыда 12 қарашада көрерменге жол тартуға тиіс болған туынды енді 3 желтоқсаннан бастап кинотеатрларда көрсетіледі, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Фильм авторлары Қазақстандағы прокаттың жаңа күнін ресми түрде жариялады. Алайда премьераның не себепті кейінге шегерілгені туралы түсініктеме берілген жоқ.

Киносыншы Дмитрий Мостовойдың пікірінше, мұндай шешімге Қазақстан кинотеатрларындағы бәсекелестіктің жоғары болуы әсер етуі мүмкін. Оның айтуынша, қарашаның ортасында «Айтматов» фильмі Ақан Сатаевтың «Күлпәш» туындысымен, Джонни Депп қатысқан «Скрудж» фильмімен және басқа да киножобалармен бәсекеге түсер еді.

Дегенмен кинотанушы фильмнің Ресейдегі көрсетіліміне қатысты тағы бір маңызды жайтқа назар аударды.

Мостовойдың жазуынша, Қазақстандағы жоспарланған премьерадан бір апта бұрын Ресей прокатына шыққан «Айтматов» фильмі цензураға ұшыраған. Оның мәліметінше, авторлардан 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге, соның ішінде жазушының әкесі Төреқұл Айтматовтың Шоң-Таш шатқалында атылуына қатысты бір немесе бірнеше көріністі алып тастау сұралған.

Киносыншы аталған эпизодтың фильм трейлерінде бар екенін атап өтті.

«Айтматов» фильмі не туралы?

Биографиялық туынды әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Фильмде жазушының шетелдегі өмірі мен туған жеріне деген адалдық арасындағы таңдауы суреттеледі. Сондай-ақ туындыда әкесінің қайғылы тағдыры, жазушыға қалай әсер еткенін көрсетеді.

Фильмде ресейлік актерлер Сергей Безруков, Равшана Куркова және қазақстандық Әзиз Бейшенәлиев пен Марат Амираев түскен.

Фильм Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қолдауымен түсірілген. Бас продюсері – Тимурлан Ташиев, режиссері – Қаныбек Қалматов. «Айтматов» фильмі Қазақстан кинотеатрларында 3 желтоқсаннан бастап көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз