ҚР Ішкі істер министрлігі мопедтерді тіркеуге арналған құжаттар тізімін жариялады. Министрліктің мәліметінше, бұл құжат көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алуға бағытталған.
Мопедтерді тіркеу қажеттілігі неден туындады?
Себебі Қазақстанда мопедтердің қатысуымен жол көлік оқиғалары жиілеп кеткен еді. Мәселен, алып қала Алматының өзінде жыл басынан бері 360 осындай жағдай тіркелді. Соның салдарынан 364 адам зардап шексе, тағы 6 адам көз жұмды. Сондықтан министрлік мопед жүргізушілеріне 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдады.
Мопедтерді тіркеу үшін қандай құжаттар керек:
- жеке басты куәландыратын құжат;
- Салық кодексінінің 553 және 615-баптарында көзделген тіркеу алымымен КҚТК, МТНБ бергені үшін мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжаттар;
- техникалық құжатты немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы ашық ақпараттық көздерден алынған мәлімет;
- иесінің өтініші;
- көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде берілген көлік құралын қарап тексеру актісін ұсыну керек.
Заң қашан күшіне енеді?
Бұған дейін Қазақстанда мопедтер қозғалысын қадағалау күшейетіні хабарланған еді. Яғни мопед иелеріне құжаттарды реттеуге алты ай уақыт берілген еді.
3 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді тіркеуге міндеттейтін заң жобасына қол қойды. Мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейді. Ал оның мөлшері – 0,25 АЕК-ті құрайды. Көлікті тіркеу үшін өтініш жазып, жеке куәлікті көрсетуі керек.
Ал, бұл заң қол қойылған күннен кйін 60 күн ішінде күшіне енеді. Ал, қазақстандықтар қазір қолданып жүрген мопедтерін 2025 жылдың 3 сәуіріне дейін тіркеп үлгеруі тиіс.
Сонымен қатар Үкімет мопед иелеріне салынатын айыппұл көлемін арттыруды жоспарлап отыр.