Қайрат Боранбаев Қазақстан футбол федерациясының атқару комитетінің мүшесі атанды. Бұл туралы бүгін, 1 қараша күні, Астанада Қазақстан футбол федерациясының XXV конференциясында айтылды.
Конференцияға өңірдегі федерация басшылары қатысты. 25 мүше дауыс беру арқылы атқару комитетінің мүшелігіне Қайрат Боранбаевты қабылдады. Ешкім қарсы дауыс берген жоқ.
Сонымен қатар жиын барысында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына бөлінетін қаржы есебі жария етілді.
Федерация президенті Әділет Барменқұловтың айтуынша, 2023 жылы Қазақстан ұлттық құрамаларының шығыны 1 мрд теңгеге жеткен. Шығынның көп болуының себебі: бас команда Солтүстік Ирландия, Сан-Марино секілді алыс елдермен ойнаған. Сондай-ақ жарыс аяқталған соң, өтпелі ойынға қатысқан. Бұл шығынға жастар және жасөспірімдер қүрамаларының да шығыны кіреді.
Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаев футбол федерациясының атқару комитетіне 2018-2022 жылдар аралығында мүше болған. Сондай-ақ кәсіпкер алматылық «Қайрат» футбол клубының иесі.
Бұған дейін, Боранбаев Алматыда тағы бір футбол клубын ашуға ниетті екенін жазған едік.
Жаңа клуб өз алаңындағы матчтарын «Қайрат» академиясы нысандарының бірінде өткізеді. Ал клубтың бас директоры қызметін «Қайраттың» экс-директоры, қазір Player Сareer Management футбол агенттігінің басшысы Баймұханов Марат Бүркітұлы атқарады.