Сот Илон Масктің сайлаушылар арасында лотерея ойнатуына қарсылық білдірмеді

Жарияланды 5 Қараша 2024 09:58

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Сот Илон Маск лотерея ойнатуға құқылы деп тапты
Сот Илон Маск лотерея ойнатуға құқылы деп тапты / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ-тың Пенсильвания аймағының соты миллиардер Илон Масктың сайлаушылар арасында лотерея ойнатуына тыйым салмады. Шешім өзіндік символикаға ие болып отыр. Себебі үкім 4 қараша шықса, лотерея 5 қарашада аяқталады.

Сот Масктың сайлау қарсаңында «күмәнді» штаттардың сайлаушылары арасында 1 млн доллар лотерея ойнатуына тыйым салмады. Жалпы юрисдикция сотының судьясы Анджело Фольеттаны Масктың адвокаттары жеңімпаздардың арнайы таңдалып отыратынына сендірді. Яғни ешбір кездейсоқ адам лотерея ұтып кете алмайды.

«1 млн доллар алушылар кездейсоқ таңдалмайды. Біз бүгін және ертең кім жеңімпаз болатынын білеміз», – деді миллиардердің адвокаты Крис Гобер.

Лотереяны ойнатып жатқан Маскқа тиесілі America PAC компаниясы жеңімпаздардың көзқарасы компания көзқарасымен сәйкес болуы керек екендігін баса айтқан. Осылайша олар өз жақтастарын ынталандыруды көздеген.

Айта кетейік, бұған дейін Пенсильваниядағы Филадельфия қаласының прокуроры Ларри Краснер Масктың саяси лотереясын «ұлттық сайлауға нақты әсер ету үшін жасалған алаяқтық» деп атап, оны тоқтатуды талап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз