Қазақстанда Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі өтуі мүмкін

Жарияланды 13 Қараша 2024 15:26

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жегін Қазақстанда өткізу мүмкін / фото: архив: kursiv.media

Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Ринат Зайытов ел назарын аударатын спорт жұлдыздарының жекпе-жектерін Қазақстанның өңірлерінде ұйымдастыру қажеттігін айтты.

«Әлемдік аренада елімізді танытып жүрген қос спортшымыз – Шавкат Рахмонов пен Жәнібек Әлімханұлы. Бұрын Геннадий Головкиннің Қазақстанда жекпе-жек өткізуін армандаған едік. Туризмді дамыту үшін осындай спортшылардың Астана мен Алматыдан бөлек өңірлерде де жекпе-жек өткізуге мүмкіндігі бар ма?» – деп сұрады депутат.

Сонымен қатар, министр Ербол Мырзабосынов UFC 310 турнирінде Шавкат Рахмоновтың Белал Мухаммадқа қарсы жекпе-жек өткізуі жоспарланғанын, алайда қарсыласының денсаулық жағдайына байланысты бұл кездесу кейінге қалдырылғанын атап өтті.

«Шавкат қажетті дайындықтан өткен еді, бірақ қарсыласының денсаулығы сыр беріп, жекпе-жек кейінге шегерілді. Ал Жәнібек Әлімханұлына келетін болсақ, мемлекет пен халықтың қолдауымен оның бір кездесуін елімізде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді министр.

Еске сала кетейік, Қазақстанды әлемге танытқан аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы бұрынғы UFC чемпионы Камару Усман болады. Жекпе-жек 8 желтоқсанда Лас-Вегаста (АҚШ) UFC 310 турнирінде өтеді.

Ал, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегінде Жаңа Зеландиялық боксшы Стивен Михайловичті 9-раундта нокаудтқа жіберді.

Сондай-ақ оқыңыз