Талғарда әр ағашқа қазақ қыздарының есімі берілген «Қызыл орман» пайда болады

Жарияланды 18 Қараша 2024 12:57

(жаңартылды 18 Қараша 2024 12:57)
post.authors.0.name

Unknown Author

Талғарда «Қызыл орман» пайда болады
Талғарда «Қызыл орман» пайда болады / Фото: shutterstock

Алматы облысының Талғар ауданында «Қызыл орман» агро-экотуристік саябағы пайда болады. Жоба біртүсті монохромды саябақ құру арқылы, халықтың қоршаған ортаға деген жанашырлығын оятып, өсімдік егуді культке айналдырып, қоғамда экосана мен экодағды қалыптастыруды мақсат етеді. Саябақтағы әрбір ағашқа қазақ қыздарының есімін беруде жоспарланған.

«Айналамызда шашылып жатқан целлофан пакеттер мен пластик қалдықтары экологиялық проблема емес. Ол небары әкімшілік басқару жүйесінің осалдығы. Егер қоқысты сұрыптау, оны бақылау, қайта өңдеуді жүйеге түсіріп, тәртіп пен заңды орнатса, бұл мәселе шешімін табады. Ал нағыз экологиялық проблема – топырақтың тозуы, судың тартылуы» – дейді «Exclusive Fund» жеке қорының директоры Айдос Аманбай.

Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда көлемі бір гектардан асатын 84 000 көл болса, қазір соның он төрт мыңы ғана қалған. Ал ұзындығы бір шақырымнан асатын 44 000 өзеннің төрт мыңы қалған деген деректі алға тартқан.

«Осыдан 30-40 жыл бұрын ғана ауыл маңындағы өзендердің терең болғаны сонша, атты адам өте алмайтын. Қазір көптеген арналар босап қалған, бір тамшы су таппайсың. Біздің қоғамда «ағаштарды сақтайтын – су» деген біржақты түсінік бар. Ал шын мәніне келсек, су ағашты емес, ағаш суды ұстап тұратын қасиетке ие. Жеріміз сусыз қалса, «Қазақстан аграрлы ел болады» деген әңгімені біржола ұмытуға тура келеді», – деп атап өтті ол.

Саябақ – «ауылдық жерлердегі тозған топырақты қайта қалпына келтірудің жаңа моделі» жобасы аясында БҰҰ Ғаламдық экологиялық қорының шағын гранттар бағдарламасы аясында жүзеге асады. Жобаны еліміздің өзге де өңірлерінде іс асыру мақсат етілген.

Сондай-ақ оқыңыз