Талғар қаласының әкімі болуға төрт жұмыссыз үміткер болып отыр

Жарияланды
Үміткерлердің арасында әйел адам жоқ, 8 үміткердің білімі жоғары, бірінің ғана орта арнаулы білімі бар/фото: Шадияр Өстемір

Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы бүгін сағат 18.00-де Талғар қаласы әкіміне үміткерлерді тіркеуді аяқтады. Қорытынды бойынша, кандидаттардың саны – 9. Саяси партиялардан Amanat пен ҚХП бір-бірден үміткер ұсыныпты. 7 үміткер өзін-өзі ұсынған. Оның үшеуі мемлекеттік қызметкер болса,  екеуі бюджеттік ұйымда жұмыс істейді. Бір қызығы, уақытша жұмыссыз жүрген 4 адам қала әкімі болуға бақ сынамақ.

Үміткерлердің арасында әйел адам жоқ. Сегіз үміткердің білімі жоғары. Бірінің ғана орта арнаулы білімі бар.

Сонымен қатар, Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы 2 үміткер талапқа сай келмейді деп, тіркемеген. 4 кандидат өз еркімен сайлауға түсуден орта жолда бас тартқан.

Комиссияның мәліметінше, сайлауға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кететін жайт, 2024 жылғы 9 қазанда Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Талғар қаласы әкімін сайлауды 2024 жылғы 15 желтоқсанға белгілеген еді. Үміткерлер 7 қарашадан бастап ұсынылды.

Науқанға 1 аумақтық, 26 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған.  Комиссия мүшелерінің саны –199. Талғар әкімін сайлауға 42 488 мың адам дауыс беруі қажет.

Сондай-ақ оқыңыз