Талғар қаласының әкімі болуға төрт жұмыссыз үміткер болып отыр
Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы бүгін, 19 қарашада, сағат 18.00-де Талғар қаласы әкіміне үміткерлерді тіркеуді аяқтады. Қорытынды бойынша, кандидаттардың саны – 9. Саяси партиялардан Amanat пен ҚХП бір-бірден үміткер ұсыныпты. 7 үміткер өзін-өзі ұсынған. Оның үшеуі мемлекеттік қызметкер болса, екеуі бюджеттік ұйымда жұмыс істейді. Бір қызығы, уақытша жұмыссыз жүрген 4 адам қала әкімі болуға бақ сынамақ.
Үміткерлердің арасында әйел адам жоқ. Сегіз үміткердің білімі жоғары. Бірінің ғана орта арнаулы білімі бар.
Сонымен қатар Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы 2 үміткер талапқа сай келмейді деп тіркемеген. 4 кандидат өз еркімен сайлауға түсуден орта жолда бас тартқан.
Комиссияның мәліметінше, сайлауға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кететін жайт, 2024 жылғы 9 қазанда Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы Талғар қаласы әкімін сайлауды 2024 жылғы 15 желтоқсанға белгілеген еді. Үміткерлер 7 қарашадан бастап ұсынылды.
Науқанға 1 аумақтық, 26 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Комиссия мүшелерінің саны –199. Талғар әкімін сайлауға 42 488 мың адам дауыс беруі қажет.