Жаһандық автонарықтағы бес айлық құлдыраудан кейін, көлік сатылымы қайта арта бастады

Жарияланды 21 Қараша 2024 12:41

(жаңартылды 21 Қараша 2024 12:59)
post.authors.0.name

Еңлік Нұрболат

автор
Көлік сатылымы қандай факторларға байланысты артты?
Көлік сатылымы қандай факторларға байланысты артты? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылғы мамырдан бері әлемдік автокөлік нарығында сауда бәсеңдеген еді. Алайда қазан айында динамика тіркеліп, сатылымдар арта бастады. Бұл туралы GlobalData халықаралық консалтингтік агенттік хабарлады.

2024 жылғы қазан айының соңында дүние жүзінде барлығы 7 932 657 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік (LCV) сатылды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары. 

Бұған дейін мұндай динамика бес ай бұрын – мамырда тіркелген еді. Ал маусымнан қыркүйекке дейін автокөліктерге сұраныс төмендеді.

Қытайда темір тұлпар саудасы қыза түсті

Әлемдегі ең үлкен автонарық Қытайда қанша көлік сатылды? «Аспан асты елінде» 2024 жылғы қазанда 2 484 474 жаңа көлік өз иесін тапты. Қытай автомобиль өнеркәсібі қауымдастығының (CAAM) хабарлауынша, 2023 жылдың қазан айымен салыстырғанда көрсеткіш 5,1% өсті. Екінші орында АҚШ. Аталған елде 1 343 919 көлік сатылды және сұраныстың 11,5%-ға артқанын байқауға болады. 

2024 жылдың қаңтар-қазанының қорытындысы бойынша ҚХР-да автокөлік сатылымы 2,7%-ға артып, 24,6 млн бірліктен асты. Ал автокөлік өндірісі қазан айында 3,6% немесе 3 млн бірлікке дейін өсті.

Ал электромобиль өндірісі қазанда 48%-ға өсті. Бір жыл ішіндегі көрсеткіш 1,46 млн бірлікті құрады, ал олардың сатылымы 49,6% немесе 1,43 млн бірлікке дейін өсті.

Қытайда өткен айда көлік экспорты да 11,1% артып, 542 мың данаға жетті. Осылайша, 2024 жылдың қаңтар-қазан аралығындағы кезеңде автомобиль экспортының жалпы көлемі шамамен 4,86 ​​млн бірлікті құрады.

Еуропада жағдай басқаша

Батыс Еуропа елдерінде 1 078 227 автокөлік сатылды. Нарық бір жыл бұрынғы деңгейде қалып, сәл ғана – 0,1% төмен көрсеткіш тіркелді. Ал Шығыс Еуропада өсу байқалды: сатылымдар 18% артып, 425 805 бірлікке жетті.

Ресейде автоға сұраныс артты, алайда бұл уақытша жағдай болуы мүмкін

Шығыс Еуропадағы автокөлік нарығының қарқынды өсім көрсетуі, Ресейдегі жаңа автокөлік сатылымының рекордтық деңгейге дейін жетуімен байланысты екенін айта кеткен жөн. РФ нарығында 2024 жылғы қазан айында соңғы 3,5 жылда алғаш рет ең көп автокөлік сатылды. 

Auto News of the Day сарапшыларының дерегінше, әсіресе, жаңа жеңіл көлік сатылымы қарқынды динамика көрсеткен. Сала мамандары мұны «Ресейдегі утиль алымының артуынан туындаған сұранысқа байланысты» деп түсіндірді. Себебі көрші елде келер жылы қайта өңдеу бойынша салық пайызы жоғарылайды. Сондықтан көпшілік бұған дейін көлігін жаңартып алуға тырысып жатыр.

«Дегенмен утиль алымы мөлшерлемесінің өсуіне және несие пайызының жоғары болуына байланысты қарқынды сұраныс жақын арада басылады», – деген болжамдарымен бөлісті автосарапшылар. 

Осыған ұқсас 18%-дық өсім Оңтүстік Америка елдерінде байқалды. Қазан айында аталған құрлықта 290 853 көлік сатылған. Жапонияда 398 769 бірлік (+0,7%), Канадада – 159 000 бірлік (+15,1%), Оңтүстік Кореяда – 143 272 бірлік (3,2%) темір тұлпар сатылды.

Еске сала кетсек, Жапония Ресейге автокөлік экспорттуға салған санкцияларының бір бөлігін алып тастады. Осылайша бұл ел енді гибрид автокөліктерді импорттай алады.

Сонымен қатар Toyota компаниясы екінші тоқсанның қаржы есебін жариялаған болатын. Құжатқа сүйенсек, кейінгі 2 жылда алғаш рет автокоцерн табысы төмендеген. Сатылымдар мен өндірістің баяулағанына Америка Құрама Штаттарында компанияның екі моделінің жеткізілімі тоқтатылғаны себеп. Сонымен қатар Қытайдағы қатаң бәсекелестік те сатылымдарды шектеді.

Сондай-ақ оқыңыз