UFC жекпе-жегінде Шавкат Рахмонов Ян Гарриді айқын басымдықпен жеңді

Жарияланды 8 Желтоқсан 2024 11:31

(жаңартылды 9 Желтоқсан 2024 08:35)
Нұртай Текебаев

Нұртай Текебаев

Тілші
Шавкат Рахмонов Ян Гарриді жеңді/ фото: sports.kz

Бүгін, 8 желтоқсан күні таңертең қазақстандық UFC боксшысы Шавкат Рахмонов (19-0) жеңіске жетті. Ол Лас-Вегаста (АҚШ, Невада) бұрын 15 мәрте қарсыластарынан басым түсіп, жеңіліс көрмеген ирландиялық Ян Гарриді жеңді.

Жекпе-жек тартысты өтті. Бірақ қазақстандық спортшы UFC-тің мықты жауынгері екенін дәлелдеді.

«Барлығыңызға рахмет! Алға, Қазақстан! Әрине, Гарри мықты жігіт, мықты қарсылас. Өте тең жекпе-жек көрсеттік. Ол өзін дәлелдеді. Осы жыл ішінде мен үшін өте көп ауыр жағдайлар болды, ұрысқа барынша жақсы дайындықпен келдім», – деді Рахмонов Джо Роганға берген сұхбатында.

Шавкат Рахмонов UFC 310 турнирінің негізгі жекпе-жегінде Ян Гарримен жұдырықтасып, айқын ұпаймен басым түсті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Рахмоновты UFC-дегі кезекті жеңісімен құттықтады. «Мемлекет басшысы қазақстандық атлеттің кәсіби спортта жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді», – деп хабарлады Ақорда сайты.

Еске салайық, Рахмонов жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мұхаммадпен (24-3) айқасқа түсуі керек еді. Бірақ денсаулығына байланысты ол ойыннан бас тартты.

Мұхаммедтің сауығып кетуін күтіп, одан кейін онымен титул үшін жекпе-жекке шығуға болатын еді. Бірақ Шавкат ұзақ уақыт бойы үзіліс жасамау жөнінде шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз