Жапондық блогер Юдзи Натсума – Қазақстан туризмінің елшісі атанды

Жарияланды 12 Желтоқсан 2024 17:23

(жаңартылды 13 Желтоқсан 2024 08:44)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Жапондық блогер Юдзи Натсума – Қазақстан туризмінің елшісі атанды / фото: Kazakh Tourism

Венада тұратын танымал жапон блогері және полиглот Юдзи Натсума Қазақстан туризмінің елшісі атанды. Бұл мәртебе оған еліміздің мәдениеті мен табиғатын әлемге насихаттауға қосқан үлесі үшін табысталды деп хабарлайды Kazakh Tourism.

Юдзи қазақ тілін меңгерген, сондай-ақ өзінің әлеуметтік желілеріндегі миллиондаған оқырмандарын Қазақстанның бай мұрасымен және табиғи сұлулығымен танысуға ынталандырады.

Қазақстанға деген ерекше махаббат

Юдзи Нaтсума ұлттық дәстүрді, мәдениет пен қазақстандық өнімді, әсіресе, шоколадты ерекше насихаттап жүреді. Ол Қазақстанға үш мәрте келіп, Kazakh Tourism ұйымдастырған ақпараттық турларға қатысты. Осы сапарлар блогерге еліміздің табиғатын, тарихын және мәдениетін жақыннан тануға мүмкіндік берді.

«Мен үшін Қазақстан туризмінің елшісі болу – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Алдағы уақытта өз оқырмандарыма Қазақстанның көркем табиғатын, қонақжай халқын және ұлттық ерекшеліктерін кеңінен таныстыратын жаңа контент ұсынуға бар күшімді саламын», – деді Юдзи.

Айта кетейік, Kazakh Tourism компаниясы 2018 жылдан бері «Қазақстан туризмінің елшісі» бағдарламасын жүзеге асырып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз