Қазақ өнерінің шоқ жұлдызы, халық әртісі Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен 15 желтоқсан күні Астанада Бибігүл Төлегенованың 95 жасқа толуына орай концерт өтті
Бибігүл Ахметқызы – КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек ері. Сондай-ақ оның өнерге қосқан үлесі ел тарапынан жоғары бағаланып, «Отан» орденімен және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығымен марапатталды.
Әйгілі әншінің 95 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан бойынша 150-ге жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде концерттер, көрмелер, музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар бар.
Бибігүл Төлегенова қазақтың халық әндерін әлем сахналарында орындап, ұлттық өнерімізді жаңа деңгейге көтерді. Оның репертуарындағы «Гәкку», «Бұлбұл», «Жиырма бес» сынды әндер халық жадында мәңгі сақталады. Сонымен қатар классикалық және опера өнерінің дамуына да айрықша үлес қосты.