Apple жұқа әрі жиналмалы iPhone шығаруды жоспарлап отыр

Жарияланды 17 Желтоқсан 2024 10:38

(жаңартылды 17 Желтоқсан 2024 10:47)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Apple жұқа әрі жиналмалы iPhone шығаруды жоспарлап отыр / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Apple өнімдерінің дизайны мен форматына қатысты ауқымды өзгерістер дайындап жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады.

Компания 2025 жылы қалыңдығы 8 мм, қазіргі iРhone модельдеріне қарағанда жұқа смартфонды таныстыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жаңа құрылғы iPhone Pro модельдерінен арзанырақ болмақ.

Сонымен қатар Apple екі түрлі жиналмалы құрылғы шығармақ. Ақпарат көздерінің айтуынша, олардың бірі ноутбук ретінде пайдалануға арналған. Бұл құрылғының экраны 19 дюймге дейін ашылып, үстел үсті мониторларымен салыстыруға болатын көлемде болады. Екінші құрылғы – жиналмалы iPhone, оның экраны ашылған кезде iPhone 16 Pro Max дисплейінен үлкенірек болмақ.

Гонконгтағы Haitong International Securities сарапшысы Джефф Пу қазіргі нарықтағы бүктелетін смартфондар Apple стандарттарына сай жеткілікті жұқа, жеңіл және энергия үнемдегіш емес екенін айтады. Сондықтан компания бұл сегментке шығуға асықпаған.

Apple алдымен жиналмалы IРhone-ді таныстыруы мүмкін. Бұл арқылы нарықтағы сұранысты зерттемек. Компания басшылығы жаңа құрылғыларды 2026 жылы шығаруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Apple жаңа IРhone-дарға ChatGPT жасанды интеллектісін енгізіп, iOS 18.2 нұсқасын шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз