Kyzdar.Net: полиция желідегі жезөкшелікке қарсы күресте шарасыз екенін мойындады
Kyzdar.Net сайтына және желідегі жөзөкшелікке қарсы күресте полиция ештеңе өндіре алмай отыр. KursivМedia сауалдарына Ішкі істер министрлігі берген жауаптан осындай тұжырым жасауға болады. Өйткені бұл сайттан миллиардтаған пайда тауып отырған қожайындарының қулығына құрық бойламайды. Қыркүйек айында министрлік бұл сайт арқылы 8 миллиард қаржы өтетінін хабарлаған болатын.
Домендік атаулар дөңгелегі
«Қазіргі уақытта бұл сайт домендік атауларын – сілтемелерін жедел жаңарту арқылы қолжетімділігін сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр. Мысалы, бүгін Kyzdar.net сілтемесі бұғатталса, дереу сілтемелері Kyzdar2.net, Kyzdar4.net және тағысын тағылар болып өзгеріп, жұмыс істеуін жалғастыра береді», – деп жауап берді құзырлы орган.
Оның үстіне, бұл интернет-ресурсқа мүлде басқа министрлік жауапты. «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, сайттар бұқаралық ақпарат құралдарына жатады. Сондықтан уәкілетті мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Интернет кеңістігіндегі сайттарға тыйым салу және контентті бұғаттау осы министрліктің құзыретіне кіреді.
100 мың – түн
Сондықтан Ішкі істер министрлігі өзгенің бақшасына түсуден тартынады. Десе де, бұл – жауапкершілікті ысыру деген сөз емес. Интернет кеңістігіне ұдайы мониторинг жүргізіп, пайдаланушылардың құқығын бұзатын, сондай мазмұнды жарнамалайтын веб-сайттарды анықтап, құзырлы органға бұғаттау жөнінде ұсыныс жолдайды.
«Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлескен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының негізгі бағыты – осындай сайттарды жедел бұғаттау», – дейді министрлік.
Министрліктің мәлімдемесіне қарамастан. Kyzdar.Net сайты қазір еш кедергісіз жұмыс істеп тұр. Кез келген смартфон арқылы кіріп, жезөкшелердің жарнамаларын көруге болады. Дені бір сағаттық қызметіне 20 мың, 40 мың теңге сұрайды. Арасында бір түнге 100 мыңға дейін баға ұсынғандар да кездеседі.
Жеңгетайларға жаза жоқ
Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, Kyzdar.net сайтының иесі Ресейде тұрады. Бірақ қыркүйекте Ішкі істер министрлігі Kyzdar.net хостингі АҚШ-та орналасқанын хабарлаған еді. Бұл елде жезөкшелік заңдастырылған. Бірақ Ішкі істер министрлігі бұл жолы қожайындары туралы сауалды жауапсыз қалдыруды ұйғарыпты.Алайда, домендер бойынша ғаламдық мәліметтер базасы – WHOIS мәліметінше, бұл сайт Ресейде REG.RU LLC атауымен тіркелген.
Бұдан үш ай бұрын қыркүйек айында Kyzdar.net сайтына қатысты былтыр ұсталған бір топ адам босатылды. Полиция қылмыстық істі тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені олардың притон ұстағанын дәлелдей алмаған. Желі мен интернет арқылы жасалған «жеңгетайлық» немесе«жезөкшелікті насихаттау мен жарнамалау» сияқты ұғымдар заңда айқындалмаған-ды.
Жезөкшелер профилактикадан өтеді
Құзырлы орган жарнама беруші әйелдердің медициналық тексеруден өтетінін айтып отыр.
«Жезөкшелікпен айналысу туралы хабарландыру орналастыратын адамдарды анықтаған соң, денсаулық сақтау органдарының қызметкерлерімен бірге олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі», – делінген министрліктің жауабында.
Бұдан екі жыл бұрын алматылық жезөкшелер кәсібін заңдастыруды талап еткен болатын. Қоғамда бұл мәселе көп жылдан бері талқыланып келеді. Бұған жақтаушылар мен қарсылар да аз емес. Ішкі істер министрлігі өз пікірін білдірді.
«Жезөкшелікті заңдастыру – бұл әлеуметтік, құқықтық, мәдени және басқа да көптеген аспектілерді қозғайтын күрделі және көп қырлы мәселе. Бұл ретте, бүкіл әлемде осы мәселеге қатысты бірыңғай ұстаным жоқ», – дейді министрлік.