Алдағы апта түрлі мәдени іс-шараға толы болмақ. Театрды сағынып жүрсіз бе? Ескі әндерді тыңдап, жастық шақтың шат күндеріне бір саяхаттап қайтуды аңсап жүрсіз бе? Бәлкім жаңа жерлерге барып, жаңа эмоцияға бөленуді қалайтын боларсыз? Алдағы аптадағы іс-шаралар тізімінен қалағаныңызға қарай керегін табарыңызға сенімдіміз.
ГАЛА-ОПЕРА – «Астана Опера» театры
22 қаңтар
Астана қаласы
22 қаңтар күні «Астана Опера» театрының үлкен залында шығармашылық ұжымның солистері, хоры және симфониялық оркестрінің қатысуымен Гала-опера кеші өтеді. Жоба авторы және дирижеры — Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин.
Ауқымды концерт бағдарламасында музыкалық классиканың ең жарқын туындылары мен танымал ариялар, дуэттер және қазақстандық әрі шетелдік композиторлардың операларынан көріністер ұсынылған. Бұл жоғары өнерді бағалайтын қауым үшін керемет кеш болмақ.
Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Опералық қойылым көрмей тұрып, концерт залына кірмей тұрып, тіпті театр табалдырығын атттаған сәттен-ақ келген көрермен сән-салтанатты сезінетіні белгілі. Бұрын соңды опера театрына барып көрмесеңіз, бәлкім бұл бір белгі шығар? Өзіңіз үшін өнердің мүлдем өзге қырын ашып, рухани ләззаттың жаңа дәміне қанық болыңыз, нағыз өнермен сусындап қайтыңыз.
Ол үшін әуелі Ticketon.kz сайтына кіріп билет алыңыз. Кеш 22 қаңтар күніне жоспарланған. Басталуы сағат 19:00-де.
«Ақ кеме» қойылымы – Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
23 қаңтар
Алматы қаласы
Шыңғыс Айтматовтың барлық шығармасы ерекше, оның әр туындысында адамзат болмысы баяндалады, шығармаларының әр бөлімі адамға ой салады. Автордың шеберлігі сонша, оқырман оның әрбір кейіпкерін түсінуге тырысып та кетеді. Оның сипаттауын оқығанда еріксіз көз алдыңа биік таулар келеді.
«Ақ кеме» – «Ұрпақ өмір жалғасы» ұстанымына сай ата мен немере арасындағы нәзік жіп, ұлттық, халықтық тін ешқашан үзілмесе деген үміттен туған шығармадай.
Ұлы суреткердің төрткүл дүниенің бір бұрышындағы әсем табиғат аясында алты ересек жан мен жеті жасар баланың тіршілік кешіп, аңыз бен шындықтың ара-жігін атасы айтып беретін ертегілер арқылы ғажайып ретінде қабылдайтын және әкесінің күндердің күні «Ақ кемемен» келетініне сенетін Бала туралы шығарма бәрімізге етене таныс. Бұл шығарма желісін көбіміз мектеп бағдарламасынан-ақ білеміз.
…Күн шықса шексіз көкжиектерге дүрбімен қарап, кеш батса айдын көлге ақ қанат арман-қиялында «ақ кеме» салып, әкені аңсаумен, ана құшағына жарымай, маңайындағы жандардан жылу көрмей, атасын ғана медет тұтқан кішкене жүректі, ұлы тілекті ұлдың жайы не болмақ?..
Бала көзімен әлемнің қуанышы мен қайғы-мұңына үн қосқан, аңызға бергісіз сахналық шығарма көрерменін бей-жай қалдырмасы анық. Бұл шығарманың бұған дейін кітабын оқымаған адамның өзі әдетте залдан ерекше әсер алып шығады, көз жасына ерік береді. Ал Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығымен жақын таныс оқырман үшін кітаптың сахналанған нұсқасы тіпті ерекше әсер қалдыратыны анық.
Ғабит Мүсірепов атындағы театр ұжымы Айтматовтың «Ақ кемесін» көптен қойып жүр. Алайда зал толмай қалған күн болған емес, керісінше көрем деушілер күннен күнге артып келеді. Сіз де қапы қалмаңыз.
23 қаңтар күні әкемтеатр ғимаратына асығыңыз.
Билет сатып алып үлгеріңіз, ол үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.
«Ғашықтық ғаламаты!» – театрландырылған концерт
24 қаңтар
Көкшетау қаласы
Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Бақыт Қажыбаев, Ернар Жұматаев және басқа танымал театр және кино актерлары Көкшетау өңіріне барып, театрландырылған концерт қоймақ. Бұл актерларды танымайтын адам кемде-кем, рөлдерін қаншалық жақсы ойнайтына да барша көрермен куә. Сондықтан бағдарламасы әзірге құпия болған концерттің де керемет өтеріне еш күмән жоқ.
Театрландырылған концерт Көкшетау қаласындағы Абай көшесі, 160 мекенжайында орналасқан Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармония залында өтеді. Басталуы сағат 19:00-де.
Билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыз.
«Конференция» спектаклі – «ŞAM» театры
25, 26 қаңтар
Алматы қаласы
Копенгаген төріндегі интеллектуалды қызу талқылауға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ойшылдар шығыстанушы, теолог, саясаттанушы, журналист, ақын және басқалары адамзаттың мәніне қауіп төндірген әлемдік гуманитарлық мәселелерді көтереді. Зал адамзат шеккен азаптар үшін кім кінәлі деген қызу пікірталастармен толады. Шиеленіс арта түсіп, талқылау терең ішкі психологиялық тартысқа айналады. Спикерлер өз жандарын жалаңаштай отырып, жүректі тербейтін жеке оқиғаларын да баяндап береді. Спектакль жеке трагедиялардың ғаламдық сын-қатерлермен тоғысатын нүктесі ретінде көрерменді әлемдегі өз ролін айқындауға деген терең пайымға шақырады. Тіпті залда отырған көрермен өзін сол конференция қатысушысы ретінде сезініп кетуі мүмкін. Дәл осы театрландырылған қойылымның басты артықшылығы да сол – залда отырған көрермен де талқыға қосылып, өзінше ойға шомып, ақырында сол ойын жайып салғысы келетіндей халге жетеді.
Бұл ерекше қойылымның режиссеры – Фархат Молдағали. Ал рөлдерді халықтың сүйікті актерларына айналған Асан Мәжит, Зарина Кармен, Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Самал Еслямова, Сағызбай Қарабалин сомдайды.
Театр алдағы аптада Almaty Theatre сахнасында өнер көрсетеді. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
«Сағыныш сазы» ретро-концерті
26 қаңтар
Астана қаласы
Астанада тұратын әнсүйер қауым алдағы аптада керемет ностальгияға бөленіп қайтса болады. Себебі 26 қаңтар күні елордалық талантты орынадушылар ретро-концерт бергелі отыр.
Кештің басты ерекшелігі театр мен музыканың үйлесімі болмақ. Әрбір ән вокалды инструменталды ансамбльдің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалып, көрерменді балалық шақтың бақытты сәттеріне, жастықтың алаңсыз күндеріне және ең қымбат естеліктерге оралтады. Жанды бэндтің кәсіби сүйемелдеуі мен сахнада қойылатын театрлық қойылымдар қонақтарды шынайы сезімге бөлеп, ерекше демалыс сыйлайды.
Кеште, әрине, Шәмші Қалдаяқовтың, Дос-Мұқасан тобының және Ескендір Хасанғалиевтің жан тербетер әндері де орындалады.
Көрермен үшін сахнада отандық өнер сахнасының жарқын жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың қатарында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Астана Опера» халықаралық академиясының солисі Омарханова Дильназ,
халықаралық байқаулардың лауреаты, ерекше дауыс иесі Абдикаримова Улпан Мейрамбековна, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның солисі, халықаралық конкурстардың лауреаты Алтынбек Арыстанбек те бар.
Сүйікті әндеріңізбен бірге естеліктердің тереңіне бойлап, ерекше әсер алатын бұл кешті жіберіп алмаңыз! Кеш Астанадағы Байтұрсынұлы көшесі, 8 мекенжайында орналасқан «SINTEZ» театрында өтеді.
Билет алып қою үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.