Әне-міне дегенше, жылдың бірінші айы да аяқталуға таяды. Бұл ай тамаша іс-шараларға толы болған сияқты. Араларыңызда жаңа жылдық қарбаластан соң жұмысқа кірісіп, әлеуметтік өмірге уақыты болмай қалғандар да бар шығар. Алайда қам жемеңіз, алдағы аптаға жақсы бағдарлама бар. Қаңтардың соңғы аптасы ерекше қойылымға толы болмақ.
«Әсел Рақымжанның Сезім толқыны»
Алматы қаласы 29 қаңтар
Алдағы аптада Құрманғазы оркестрінің концерттік залы ұжымы сіздерді ғажайып кештің куәсі болуға шақырады. Кеште әлемдік классика қазақтың ұлттық музыкасымен үйлесімді астасып, сізді ерекше күйге бөлейді. Себебі бұл күні жоғары өнерді бағалайтын көрермен үшін қобызшы Әсел Рақымжанның «Сезім толқыны» атты жеке концерті өтеді.
Әсел Рақымжан – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, өнертану ғылымдарың магистрі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концертмейстрі.
Ерекше дарын иесі Әсел көрермендерге әлемдік классиканың шедеврлерін қазақ қобызының үніне салып орындап, көрерменді ерекше күйге бөлейді. Аспаптың сиқырлы үні және орындаушының шеберлігі көрермендерге Н. Паганини, А. Дворжак, Ж. Массне, К. Сен-Санс, А. Пьяццолла, А.Хачатурянның және қазақ музыка жауһарлары Қорқыт, Аққыз, Е.Брусиловский, Е.Үсеновтің және басқа да композиторлардың шығармаларын ұсынады.
Осы бір ғажайып музыкалық әлемге енуге келген көрерменге жаңа премьералар мен сахналық көріністер ұсынылады. Музыкалық кеште халықаралық аренаның танымал артистері, виртуоз музыканттар, оның ішінде баяншы Ғалымжан Нарымбетов, роояльда шебер ойнайтын Нұрсұлтан Омарғазин, гитарашы Асан Нарбутаев, домбырашы Асель Алина және жетігеннің қыр-сырын меңгерген Бақыт Мурзабекова , Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші артистері Гүлнұр Амангелдиева, Ақыл Жуас, опера және балет театрының жетекші солисі Мадина Ерланова, хореграф қазақ би образдарының шебері Жанель Уланова және жас қобызшы Айзере Сапарбек өнер көрсетеді.
Бұл кеште Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі әр номерде жаңа қырынан көрінеді. Дирижерлік пультте қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, қайталанбас Абылай Тлепберген отырады.
Қобыз үнінің ғажайып үнінене ләззат алып, рухани тынығу мүмкіндігін сыйлайтын кештен құр қалмаңыз.
29 қаңтар Құрманғазы концерт залына қарай жол тартыңыз. Әуелі билет сатып алуды ұмытпаңыз. Ол үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.
«Жүрегімнің иесі» қойылымы – Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры
Алматы қаласы 30 қаңтар
«Жүрегімнің иесі» – әкемтеатрда жұмыс істейтін жас буынның туындысы. Жас драматург А. Аламанның пьесасы бойынша жас режиссер А. Оспанбаева сахналаған қойылымда театрдың жас буын актерлері ойнайды. Бірақ жас екен деп жеңіл қарап жүрмеңіз. Туындының айтары бар, әдемі сюжеті бар, жастардың актерлық шеберлігі тағы бар. Сондықтан оқиға желісін бір шолып алып, билет алуға асығыңыз дер едік.
Жастық шақ сезім, махаббат әлемі. Жар таңдауда, өмірлік серік табуда ең маңыздысы не? Жастардың, оның ішінде, қыздар қауымы неліктен отбасын құра алмай жүріп қалуы мүмкін? Қоғам үшін де маңызды осы сауалдар көтерілетін қойылымның негізгі идеясы әр адамның өз құпиясы болады, сол құпия сақталуы керек, әр адамның өз тағдырын кешіп шығу құқығы қорғалуы керек дегенге саяды.
Театрға келген көрермен залда отырып бір тұста кейіпкерлерді қолдаса, енді бір тұста өз ойын қосқысы келуі мүмкін. Бірақ, театр осынысымен тамаша емес пе? Миға азық, жанға тынығу сыйлайтын осынау кештен қапы қалмаңыз.
30 қараша күні театрға асығыңыз. Тек мынаны ұмытып кетпегейсіз. Әуезов атындағы драма театрының ғимаратында қазір жөндеу жүріп жатыр. Сондықтан бұл қойылым республикалық академиялық неміс театрының залында сахналады.
Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
«Әйел махаббаты» қойылымы – Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры
Семей қаласы 31 қаңтар
«Иә… шын сүйе алатын тек әйел ғана» деген Мопассан. Жұмбақ сипатты әңгімемен өрілген Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» деп аталатын туындысы ерекше сезімге бөлейді. 1961 жылы жазылған шығармада махаббат шері де, заман тынысы да бар, шығарманың әлеуметтік салмағы да бар. Оқиға желісі де қызық, соңы да қызық. Бәрінің тым тосын жағдаймен аяқталатыны да қызық. Қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға Мұхтар Мағауиннің шығармасы бір биік, ал оның сахналаған нұсқасын тамашалау – тіпті керемет бақыт.
Автор бұл көркем туындысы арқылы өмір шындығын санаға сіңіріп, сенімді, шынайы қалпында жеткізе білген.
Алдағы аптада Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық театры ұжымы көрермен үшін көркем туындыны сахналап бермек.
Алдын ала билет сатып алу үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.
«ШАНЕЛЬ» №5 қойылымының премьерасы – Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры
Қызылорда қаласы 31 қаңтар
Ақмола лагерінің тұтқындары, отанын сатқандардың әйелдері күн сайын азап көреді, ол азап – жалғыздық пен әділетсіздікпен бетпе-бет келу. Мәжбүр болу. Қазақ халқының ұлы ұлдарының жазықсыз серіктері осындай сынақтардан өтті. Өткен ғасырдың басында қалыптасқан қазақстандық саяси элита «халық жауы» деген жала атаққа ие болды, бұл атақ олардң отбасы мен ет жақындарына да таңба боп басылды. Өздері атылды, түрмеге жабылды, ал әйелдері мен балалары лагерьлерге жіберілді, озбыр қоғамнан жазықсыз жапа шекті. Қойылымда қиянат пен қорлық көрсе де жігері жасымаған, болашаққа деген сенімін жоғалтпаған К.Майлина, Д.Ермекова, Ж.Шанина, Н.Сац, Р. Мессерер-Плицеская, С.Колчак, К.Андронникова, А.Тимирева, Г. Платайс сияқты азаматтарына адал болған аяулы арулардың тағдыры баяндалады. Олардың бәрі бастарынан небір нәубетті, қуғын-сүргінді өткергені көрсетіледі. АЛЖИР арулары өздерінің шынайы естеліктерін, өмірдегі сәулелі сәттерін, шұғылалы шақтарын ортаға салып, көрерменге мұң шағып та алады.
Тарихи маңызы бар, берер ілім-білім бар әрі бір сәтке ойға шомылдыратын осындай салмақты қойылымға кімнің де болса барғысы келері анық. Алдағы аптада Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры ұжымы осы тамаша туындыны көрермен назарына ұсынады.
Қойылым 31 қаңтарға жоспарланған. Алдын ала билет сатып алуды ұмытпаңыз. Ол үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.
«Танакөз» қойылымы – Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театр
Астана қаласы
Алдағы аптаға жоспарланған тағы бір ерекше қойылым – жазушы, ақын және драматург Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы. Туындыны Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры ұжымы сахналайды.
«Танакөз» поэмасының арқау болған негізгі тақырыптар – достық пен махаббат. Майдан даласында қан кешіп жүрген екі әкенің адал достығы олардың ұрпағына да берілгендей. Екі ананың ақ батасы әкесіз қалған екі ұлдың әрі қарай өсіп-өркендеуіне жол ашты. Басты кейіпкерлердің өмір сүрген ортасымен соғыстан кейінгі шындығы, әкеге деген сағынышы мен анаға деген құрметі, бір-бірінен жан аямас үш достың қарым-қатынасы аясында шығарма да сәтті көрініс табады. Екі дос пен Танакөздің арасындағы достық қаншама тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, бұзылмады, шайқалмады. Бұл – адал достар туралы дастан. Баршаға үлгі болатын жыр.
Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы – қазақ поэзиясының озық үлгісі ретінде әдебиетіміздің алтын қорына енген жауһар шығармалардың бірі. Ол әлдеқашан оқырман жүрегінен ойып орын алып үлгерген. Қойылымда негізгі оқиға желісімен бірге автордың бірқатар шығармасы үндестік тапқан. Заманауи сахналық жабдықтар, әсерлі актерлық ойын, ұтымды режиссерлік шешімдер үйлесім тапқан сезімге толы жаңа қойылымды ұлы өнерді сүйетін көрермен жоғары бағалайтынына күмән жоқ.
Ғибратқа толы тамаша туынды 31 қаңтар және 1 ақпан күндері сахналанады. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.