2025 жылы артылған ақшаны қайда салған дұрыс?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазір экономикалық ахуал тұрақсыз. Сондықтан инвестиция салғанда жеті рет өлшеп, бір кеспесе болмайды. Қолда бар ақшаны 2025 жылы қайда салған жөн? Қазақстандықтар нені ескеруі керек? Қандай инвестиция құралдары сенімді? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты қозғаймыз.

Елдегі экономикалық жағдай қалай болып жатыр?

Ең алдымен осы сұраққа жауап іздеуіміз қажет. Өйткені қолда тұрған қаражатты қалай болса солай жұмсай алмаймыз. Алдымен айналаға қарап, не болып жатқанынан хабардар болып алу керек. Ұлттық банк биыл базалық мөлшерлемені 15, 25 пайыз деңгейінде болады деп бекітті. Проинфляциялық қатер бар. Өйткені сырттан Ресейдегі жоғары инфляция әсер етсе, іштен баға белгілеу, теңгенің әлсіреуі, тұтынушылық кредиттердің өскені сынды факторлар әсер етіп жатыр.

Жалпы алғанда экономикалық өсімге экономиканың шикізат емес секторының дамуы, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемінің артуы, ұлттық валютаның тұрақтылығы, аймақтарда іскерлік қабілет артуы басты драйвер екені белгілі. Міне, осы факторлар инвестиция салуға жақсы жағдай жасайды.

Дегенмен қандай құрал таңдау керек дегенде дұрыстап ойлану керек. Себебі инвестициялық қоржын құрастыратын кезде одан түсетін табысты ғана емес, қаншалықты тәуекелге бас тігетініңізді де ойлауыңыз қажет. Сондықтан кез келген уақытта әртараптандырып отыру маңызды. Олай болса, биыл ескеруіңіз керек тұстарды атап өтіп, қандай құралдар сенімдірек болатынына шолу жасайық.   

Валюта

Әлемде экономикалық жағдай құбылып тұрған кезде жинағыңызды міндетті түрде әртараптандырып отыруыңыз керек деп айтудан шаршамаймыз. Эксперттер мына факторларды ескере отырып мультивалюталық себеп жасаған жөн дейді:

  • Доллар курсына қараңыз. 2025 жылы доллар бағамы 470-500 теңге шамасында құбылуы мүмкін деседі. Жаһандық монета саясатына байланысты өзгеріп отырады. Сонымен бірге шикізат тауарларының бағасына тікелей тәуелді.  
  • Құнсыздануға қатысты тәуекелдер бар. Бәрі эмитент елдердегі инфляциялық процестерге, геосаяси факторлар мен сауда балансындағы өзгерістерге байланысты.
  • Капиталды сақтау үшін стратегия қолданыңыз. Ол үшін ақшаңызды АҚШ доллары,  еуро мен теңгеге бөліп тастаңыз. Мұнай бағасына қарай валюта реттеліп отырады.

         Қаржы аналитиктерінің сөзіне қарасақ, 2025 жылы ақшаны былай бөлген жақсы:

  • 40-50 пайызын — АҚШ долларымен;
  • 20-30 пайызын — еуромен;
  • 15-20 пайызын — теңгемен;
  • 10-15 пайызын басқа валюталарда ұстасаңыз болады.

Валюта себетін жасаған кезде қаржылай мақсаттарыңызға қарай реттеп алыңыз. Нарықта жағдай өзгеріп жатса, соған сай сіз де стратегияңызды ауыстырып отыруыңыз керек.

Қымбат металдар

Инвестициялық құралдардың ішінде тағы бір сенімді түрі. Мысалы, 2025 жылы алтын өсе береді деген болжам бар. Сенімді актив ретінде ойып тұрып орын алады. Мысалы кейінгі жылы қымбат металдың құны тарихта болмаған көрсеткішке жеткен еді. Аналитиктердің болжамына сүйенсек, ұзақ мерзімді инвестиция құралы ретінде таңдағандар жаңылмайды. Алтын бағасының динамикасын қарасаңыз, геосаяси жағдайлар мен экономикалық кризиске төтеп бере алатынын байқаймыз. Кейінгі 20 жылда алтынға инвестиция салғанда орташа табыс доллармен жылына 9,5 пайыз болған екен. Әсіресе, экономикалық ахуал тұрақсыз болған кезде осы алтын капитал сақтайтын ең сенімді құрал болғанын көріп отырмыз. Алтынға қалай инвестиция жасауға болатынына келсек. Қазақстандық инвесторлар бірнеше жолмен ала алады:

  • Алтын құймаларды сатып алсаңыз болады. Банктерде 5 грамнан бастап 100 грамға дейін ала аласыз. Инвестициялық монета түрі де бар. Одан бөлек, зергерлік бұйымдар да инвестиция бола алады.  
  • Бөлінбеген металл шоттар бар. Бұл жерде сақтау үшін ақша төлеп, шығындалмайсыз. Онлайн сата аласыз, сатып ала аласыз. Алтынның қазіргі курсына байлап қоюға болады.       
  • Биржа құралдарын қолдануға болады. Оның ішінде ETF, алтын өндіретін компаниялардың акциялары, фьючерстер, опциондар түрінде жасай аласыз. 

Қор нарығы

2025 жылы қор нарығында қазақстандық инвесторларға кең жол ашылады. Жергілікті нарықта да, халықаралық нарықта да мол мүмкіндік бар. Бастысы баланс сақталған инвестициялық қоржын жасап алуыңыз керек. Алдымен қазақстандық акциялардан бастасақ. Отандық қор нарығында жағдай тұрақты болуы мүмкін. Сондықтан инвесторларға ұлттық экономиканы дамытуға мүмкіндік бар.

Неге қазақстандық акциялар алу керек десеңіз, жергілікті компаниялардың бизнес-моделі түсініктірек, валюталық тәуекелден қорғайды, дивиденд төлемі жоғары, экономика дамыса бәріне жақсы. Биыл мына салаларға инвестиция салса болады: банк секторы, телекоммуникация, тау-кен өнеркәсібі, энергетика секторы.

Енді америкалық акцияларға келсек. Америка қор нарығы бізге ашық. Сондықтан әлемнің алпауыт компанияларына инвестиция сала аламыз. Ерекшеліктеріне келсек, мұнда нарық өтімділігі жоғары, компаниялар ашық есеп беріп отырады, экономика секторларына қарай әртараптандыра аласыз, капиталыңызды теңге девальвациясынан қорғайсыз. 

Облигациялар

Облигациялар акцияларға қарағанда консерватив тәсіл саналады. 2025 жылы Қазақстанның мемлекеттік облигациялары, ірі компаниялардың корпоративтік облагациялары, қазақстандық эмитенттердің еурооблигациялары табыстырақ болуы мүмкін деген болжам бар. Мұның ерекшелігі мынада: табысы бекітіледі, акцияларға қарағанда тәуекел азырақ, купон ретінде төлем тұрақты беріліп отырады, жауып тастағанға дейін сатып жіберуге болады.

Депозит

Неге бұл құралды айтып отырмыз? 2025 жылы банк депозиттері Қазақстанда ақша сақтайтын ең танымал тәсілдің бірі болып қала береді деген болжам бар. Қазіргі базалық мөлшердеме бойынша теңгемен ұстаған депозитпен ақшаңызды инфляциядан қорғай аласыз. Тіпті кішігірім пайда көріп қалуыңыз ғажап емес. Енді депозиттің артықшылығы мен кемшіліктеріне келсек.

         Артықшылықтары: «Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры жүйесі арқылы» 20 миллион теңгеге дейінгі салымдардың сақталатынына кепіл бар. Тұрақты табыс түседі. Басқару оңай, шарттары да түсінікті. Депозитті форс-мажор бола қалса деп қор ретінде ұстай аласыз.

         Кемшіліктері: Басқа құралдарға қарағанда мұнда көл-көсір пайда көре алмайсыз. Егер инфляция «ұшып» кетсе, ақшаңыз құнсызданып кетуі әбден мүмкін. Қаражатыңызды уақытынан бұрын шешім алғыңыз келсе, шектеулер болуы мүмкін екенін ескеріңіз. 

Сондықтан ақшаны депозитке салатын кезде әртараптандыруды ұмытпаңыз. Эксперттер бүкіл қаржы бір жерде ұстамауға кеңес береді. Ең жақсы стратегия: салымды бірнеше сенімді банкке бөліп салыңыз. Бастысы, таңдаған банкіңіздің сенімділік рейтиңі жоғары болсын. Ол үшін салымдарға кепіл бере ме, жүйе қатысушысы ма соны тексеріп алуыңыз керек. Әйтпесе, ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Одан соң банктің қаржылық көрсеткіштерін шолып шыңыңыз. Барлық шарты ескере отырып, шынайы пайыз мөлшерлемесін салыстырыңыз. Қаншалықты қызмет көрсету деңгейі жақсы, онлайн-сервистер бар ма қарап алыңыз.

Қаржы аналитиктерінің сөзіне сүйенсек, 2025 жылы депозиттер әлі де ең ыңғайлы құралдардың бірі болып қала береді. Әсіресе, аумалы-төкпелі кезеңде қорға ақша жинау үшін қолданған жақсы.    

Криптовалюта

Криптовалюта нарығы жылдан жылға күш алып келеді. Жеке инвесторлардың да, институттық инвесторлардың да назарында. Биткоинға қатысты мынадай тенденциялар байқалады: құнын сақтайтын сенімді құрал ретінде көпшілікті мойындатып келеді, институттық қатысым артып келеді, реттеуші база дамып жатыр, желі технологиялық тұрғыда жетілдіріліп жатыр. Биткоиннан бөлек нарықта басқа да криптовалюталар бар. Олардың да әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Орталықсыздандырылған қаражат дамып жатыр, стейкиң жасау үшін токен қолданатындар көбейіп келеді, смарт-келісімшарттар енгізіліп жатыр, майниң жасауға экологиялық шешімдер ұсынылып жатыр. Қандай тәуекел бар? Бұл жерде тез құбылып кетуі мүмкін. Оған қоса реттеуші тарапынан да, басқа технологиялық шектеулер де болады. Әрі технологияны терең түсінбесе болмайды. Сол себепті криптовалютаға инвестиция салмас бұрын мынаны ескеруіңіз керек:

  • Қолда бар ақшаны түгел салмаңыз, шынымен артылып тұрғанын ғана салыңыз;
  • Ақша салмас бұрын жобаларды дұрыстап зерттеп алыңыз;
  • Сенімді криптобиржалар мен әмияндарды ғана қолданыңыз;
  • Криптоқоржыныңызды әртараптандырыңыз;
  • Осы саладағы жаңалықтарға құлақ түріп жүріңіз.

Инвестиция салып бастау үшін қанша қаражат керек?

Әр инвестиция құралының минимум сомасы әр түрлі. Сондықтан әрқайсысын жеке қарастырамыз. Мысалы:

  • Депозитке саламын десеңіз, 10 мың теңгеден бастап сала бересіз.
  • Акцияларды орташа 100 мың теңгеден бастай аласыз.
  • Жер телімдерін аламын десеңіз, 3 миллион теңгеден жоғары сома керек. Бұл ретте зейнетақы жинағыңыздан артылған сома болса, соны қолдансаңыз болады.
  • Криптовалюталарға бастапқыда 50 мың теңгеден асатын сома жетеді;
  • Алтын алу үшін 150 мың теңгеден жоғары ақша керек.

Инвестиция жасап бастамас бұрын сарапшылар қор ретінде 3-6 айлық табысыңызға тең сома жинап қойғаныңыз дұрыс деген кеңес береді. Содан кейін барып акция алып, не басқа да инвестиция құралдарын алған абзал. 

Сондай-ақ оқыңыз