АҚШ Сенаты Трамптың Иранмен соғысқа қатысты өкілеттігін шектемек

Жарияланды 20 Мамыр 2026 12:13

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ Сенаты / фото: Reuters

АҚШ Сенаты Дональд Трамптың Ирандағы әскери іс-қимылдарына қатысты өкілеттігін шектейтін қарарды 50 де 47 дауыспен (оның ішінде 4 республикашыл бар) мақұлдады. Бұл құжат Трамп Конгресстен ресми рұқсат алмаған жағдайда Иранмен соғысты тоқтатуды көздейді. Бұл шешім – әскерді соғысқа жіберу құқығы Конституция бойынша президентке емес, Конгреске тиесілі екенін алға тартқан заң шығарушылардың жеңісі. Алайда, бұл тек алғашқы қадам ғана. Қарар күшіне енуі үшін оны республикашылдар басымдыққа ие Өкілдер палатасы мақұлдап, кейін Трамп қоятын ветоны еңсеру үшін Конгресстің қос палатасында да үштен екі дауыс жинауы тиіс.

Конгресс пен Ақ үй арасындағы қайшылық

Қарар бастамашысы, сенатор Тим Кейн қазіргі уақытша бітім кезеңін бейбітшілікті талқылауға ең қолайлы сәт деп бағалап, Трампты дипломатиялық ұсыныстарды елемеді деп айыптады. 1973 жылғы заңға сәйкес, АҚШ президенті Конгресстің рұқсатынсыз тек 60 күн ғана соғыс қимылдарын жүргізе алады.

Трамп 1 мамырда әскери іс-қимылдар аяқталды деп мәлімдегенімен, іс жүзінде АҚШ пен Иран арасындағы порттарды бұғаттау және кемелерге шабуыл жасау әрекеттері әлі де жалғасуда. Демократтар мен кейбір республикашылдар Трамп елді нақты стратегиясыз ұзақ соғысқа тартып отыр деп алаңдайды. Ал Ақ үй мен президентті қолдаушылар оның әрекеттері толықтай заңды және Бас қолбасшы ретіндегі елді қорғау міндетіне сай келеді деп санайды.

Айта кетейік, Қазақ қызы Әсел Робертс АҚШ-тың Словениядағы елшісі атанды.

Сондай-ақ оқыңыз