Қосымша құн салығы өсіп, тауардың қымбаттағанын халық міндетті түрде сезеді – Жұманғарин

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Асқар Ахметуллин

Қазақстан үкіметі қосымша құн салығын қаншаға көтеретінін әлі анықтамаған. Десе де, ҚҚС-ты 16-20 пайызға дейін көтеруі ықтимал. Қосымша құн салығы көтерілсе, тауар мен қызмет бағасы 6-7% қымбаттауы мүмкін. Алайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет халықтың қалтасына қатты салмақ түсірмеуге тырысады деп уәде берді.

«ҚҚС мөлшерлемесі қандай болатынын әлі шешкен жоқпыз, 16-дан 20%-ға дейін болуы мүмкін Бұл, әрине, әсер етеді және ол түрлі секторларға әртүрлі әсер етеді. Тұтынушы бағаның қымбаттағанын сезетіні сөзсіз. Бұл болады. Инфляция дәлізі есептелді, бір жерде өсім 4,5% болуы мүмкін», – деп түйіндеді ол.

Қосымша құн салығы мәселесі Үкімет жазып жатқан жаңа Салық кодексіне енеді. Министрлік құжат жобасын алдағы уақытта парламент қарауына ұсынбақ.

Бюджет-салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге қаржы түспек. Бұл қаржыны ел экономикасының нақты секторына жұмсау жоспарланған.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов қосымша құн салығын көтеру керек деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз