ЖИ көмегімен банк клиентке қатысты шешім шығаруды бірнеше минутқа дейін қысқартады
Freedom Bank банк пен клиент арасындағы операциялар уақытын бірнеше күннен бірнеше минутқа дейін қысқарту үшін ЖИ-дің көмегін пайдаланып жатыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан цифрлық форумда Freedom Bank басқарма төрағасының кеңесшісі Айнұр Темірханқызы айтты.
Оның түсіндіруінше, банктегі аударымдар, басқа да оперцияларды жеңілдету үшін жұмысқа чат-ботты қосқан. Сол арқылы қаржы операциялар мен клиенттердің деректерін тексеру процедурасын автоматтандырды. Қаржы ұйымы өкілінің сөзінше, жаңа механизм арқасында чат-бот бірнеше минут ішінде деректерге талдау жасай алады.
«Егер әлдебір құжаттар немесе деректер жетіспесе, чат-бот жұмысқа қосылады. Ол клиентпен байланысып, «егер сіз тұрғын үй сатып алғыңыз келсе, мына құжаттарды тіркеуіңіз керек» дейді. Әдетте комплаенс-қызметкер деректерді талдайды, іздейді, кейбір тұсын Google-ден қарауы мүмкін. ЖИ бақылаушы бірнеше минут ішінде деректерді талдап, қажетті шешім шығара алады», – дейді Айнұр Темірханқызы.
Тіпті чат-бот сатып алғалы жатқан тауар немесе қызмет қаншалықты тиімді екені жайлы да кеңес бере алады. Қазір бұл ЖИ модель жеке тұлғалармен жұмыс істейді, болашақта заңды тұлғалардың операциясына қосу жоспарланған.
Freedom Bank – кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding-қа қарайды. Банк акциялары Қазақстан қор биржасы мен AIX-тан бөлек Nasdaq-та да саудаланады. Осы көктемде холдинг Тәжікстанда цифрлық банк ашуды жоспарлап отыр.