Тұтынушылық кредит алу қиындайды: банктер қандай шектеу енгізбек

Қазақстанда банк секторын реттейтін нормативтік актілерге бірқатар өзгерістер енгізілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бекіткен жаңа қаулы банктердің қарыз беру саясатынан бастап, инвестициялық қызметі мен тәуекелдерді бағалау жүйесіне дейінгі бірнеше бағытты қамтиды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Құжатқа сәйкес, банктер жеке тұлғаларға кредит немесе кепілдік беру кезінде азаматтардың қаржылық жағдайын бағалау тәсілдерін нақтылай түседі. Енді қарыз алушының табысы мен шығысы, төлем қабілеті, сондай-ақ несие тарихы жіті тексеріледі.
Бұдан былай банктер қарыз беру кезінде қарыз алушының борыш жүктемесі мен тәуекелдерін мынандай нақты мөлшерлер бойынша есептейді:
- Кірісі расталмаған қарыздар: Егер азаматтың ресми табысы расталмаса және қарыз сомасы 2 000 АЕК-тен (2026 жылы 1 АЕК мөлшеріне сәйкес шамамен 7,7 миллион теңгеден астам) асса, банктерге ең жоғары және қатаң талаптар қойылады. Мұндай жағдайда активтерді тәуекел дәрежесі бойынша өлшеу коэффициенті 350%-ға дейін көтеріліп, бұл банктердің осы бағытта несие беруін айтарлықтай шектейді.
- Ресми кірісі бар қарыздар: Тұрақты ресми табысы бар адамдар үшін «орташа» несиелердің шегі бұрынғы 800 АЕК-тің орнына 700 АЕК етіп төмендетілді. Егер алынатын несие осы сомадан (700 АЕК) асып кетсе, реттеуші банктердің капиталына түсетін салмақты күрт арттырады.
Сонымен қатар азаматтың тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнасы немесе несиені уақтылы өтеуге қаражаты жеткіліксіз болса, бұл тәуекел факторы ретінде есептеледі.
Бұдан бөлек, тұрақты табысы жоқ немесе экономиканың тиімді секторларында тәжірибесі мен білімі жеткіліксіз тұлғаларға қатысты талаптар күшейтіледі.
Ұлттық Банктің жақында жарияланған «Қазақстаннның қаржы тұрақтылығы туралы» екі есебі ел экономикасының қазіргі жай-күйі мен халықтың қаржы әдеттерін айқын көрсетіп берді. Бір жағынан елдің сыртқы резерві мен алтын қоры ұлғайып, макроэкономикалық тұрақтылық сақталып отырса, екінші жағынан тұрғындардың қарыз жүктемесі артып, халықтың нақты табысы төмендеп бара жатқаны байқалады.