TikTok Мәдениет министрлігінің өтінішінен кейін платформадан «Йоу, орыстар» әнін өшірді

Жарияланды 2 Ақпан 2025 11:38

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Tiktok «Йоу, орыстар» әнін өшірді
TikTok «Йоу, орыстар» әнін өшірді / REUTERS/Dado Ruvic/Illustration/

TikTok Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің өтінішінен кейін онлайн-платформадан «Йоу, орыстар» әнін өшірді. Бұл туралы ресейлік ТАСС басылымы Қазақстанның мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовке сілтеме жасап жазған.

Мәселенің мәні

«27.01.2025 жылы TikTok онлайн-платформасының әкімшілігі заңсыз контентті жою шараларын қабылдады», — делінген Кочетовтың агенттікке берген жауабында.

Министрліктің мәліметінше, ведомство бірқатар интернет-ресурстар мен онлайн-платформаларға осындай өтініштер жіберген. Мемлекеттік органның мәліметінше, аталған ән немесе оның үзінділері 22 шетелдік интернет-ресурстарда және онлайн-платформалар алаңдарында, соның ішінде TikTok — 12, YouTube — 8 және ВКонтакте — 2 сайттарында тіркелген.

Вице-министр барлық анықталған материалдар бойынша интернет-ресурстар мен онлайн-платформаларға хабарламалар жіберілгенін атап өткен.

Әнге қатысты дау

Айта кетейік, бұған дейін Алматы полиция департаментінде «белгілі бір ұлтты кемсіту» фактісі бойынша «Йоу, орыстар» әнінің авторларына іздеу салған. 17 қаңтарда сатиралық паблик жазбасында осы әнді пайдаланған Qaznews24 арнасының авторы Темірлан Еңсебек қамау алынған. Оған ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген айып тағылған.

Адвокат Жанар Балғабаева істі қозғауға басылымдағы жазба емес, музыка себеп болғанын мәлімдеген. Белсенді Дархан Шәріп «Йоу, орыстар» әнінің 2000 жылдары жазылғанын, 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін танымал болғанын жазған.

Сондай-ақ оқыңыз