Үкімет қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлерге қосылған құн салығын төлеттірмек
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/zhumangarin-nds-1024x576.png)
Үкімет қосылған құн салығының мөлшерін (ҚҚС)12 пайыздан 16 пайызға дейін көтермек. Оған қоса, қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер ҚҚС төлеушілер қатарына енеді. Бұл туралы Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Енді ҚҚС төлеуге есепке алу шегі төмендейді. Қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер де ҚҚС төлеуге міндетті болады.
Қазіргі кезде қаржы айналымы 20 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 78 млн теңгеден асатын кәсіп иелері ғана ҚҚС төлейді. Үкімет елдегі кәсіпорындардың тек 4 пайызы ҚҚС төлеп отыр деп тұжырымдайды.
Кәсіпті «бөлшектеу»
Көптеген бизнес иелері ҚҚС төлемес үшін кәсіптерін «бөлшектеп», қаржы айналымын 78 млн теңгеге жеткізбей ұстайды. Үкімет енді бұндай «айланың» алдын алып, ҚҚС-ке тіркеу шегін бес есе төмендетпек.
Жұманғарин бұл жерде шетелдік тәжірибеге сүйеніп отырғандарын жеткізді.
«Көптеген дамыған және дамушы елдерде ҚҚС шегі не айтарлықтай төмен, не мүлдем жоқ. Мысалы, Канада, Корея, Скандинавия елдері, Шығыс Еуропаның кейбір мемлекеттері, сондай-ақ біздің жақын көршілеріміз – Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанда бұл шек Қазақстанға қарағанда төмен», – деді ол.
Дегенмен Үкімет бірқатар салаларды ҚСС төлеуден босатпақ. Олардың қатарында ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер бар.